Алматы облысында 65 азаматқа мемлекеттік наградалар табыс етілді

Алматы облысында 65 азаматқа мемлекеттік наградалар табыс етілді

Талдықоғанда, 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні қарсаңында, Алматы облысының өркендеуіне және экономикалық дамуына үлес қосқан 65 азамат мемлекеттік наградамен марапатталды, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шарада облыс әкімі Амандық Баталов, жиналған қауымды келе жатқан мерекемен құттықтап, облыстың бетке ұстар азаматтардың кеуделеріне төс белгі тақты.

«Еліміздегі ең қастерлі мереке –  Тәуелсіздік күні құтты болсын! Көк байрағы желбіреген, айбынды Қазақ елі – Мәңгілік Еліміз жасай берсін! Бұл күн – бабалар арманы ақиқатқа айналған, азаттыққа қол жеткен ұлы күн. Ширек ғасыр ішінде Президентіміз бен халқымыздың жасампаз еңбегі арқасында, біздің еліміз – әлемге танылған, қуатты мемлекетке айналды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар.   Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!»- деген сөзі бүкіл елді алға жетеледі. Тәуелсіз Қазақстан қысқа мерзім ішінде қуатты да гүлденген мемлекет құруда үлкен табыстарға қол жеткізді. Тиімді де бәсекеге қабілетті экономиканың негізі қаланды. Бүгінде, Қазақстан Республикасы  — кемелденген, қуатты мемлекетке айналды. Мұның бәрі Ұлт Көшбасшысының салиқалы саясатымен хылқымыздың мызғымаз бірлігінің арқасы», — дейді өңір басшысы .

Жиын барысында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға атсалысқан үлесі үшін 65 адамға «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалі, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы табысталды.

Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Рустам Алпысбаевтың айтуынша, бұл төс белгі тек оның еңбегінің жемісі емес,  ұжымдық жұмыстың нәтижесі.

«Ең әуелі барша Қазақстандықтарды келе жатқан үлкен мерекемен құттықтағым келеді. Біз 27 жылда біраз биіктікті бағындырып, тереземізді алпауыт мемлекеттермен теңестіріп келеміз. Алдағы уақытта еліміздің одан әрі өркендей түсетініне сенімім мол. Осыған сәйкес, Елбасыда тың тапсырмалармен жастарды қолдайтын жаңа мүмкіндіктер беруде. Менде осы мүмкіндікке ие болған жастардың бірімін. Жастығыма қарамастан сенім артып, құрмет көрсетіп, марапаттап жатқанына облыс басшылығына алғысымды білдіргім келеді.  Бүгінгі марапат тек менің ғана жұмысымның жемісі емес, бұл ішкі саясат басқармасының құрамындағы барша мекемелермендің ұжымдардың ортақ жемісі»,- дейді ол.

Сонымен қатар «АқниетГрупп» ЖШС техникалық директоры Сақтаған Әбілазимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Сәбит Құрманәлиев, Алматы облысы бойынша «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қызметкері Омар Қасымбеков  облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін  «Алматы облысының Құрметті азаматы» атанды.

Айта кетейік,  марапатталғандардың арасында білім беру, денсаулық сақтау, экономика, басқарма басшылары, өнер және басқа да сала майталмандары көрінді.

Талғар-ақпарат