Талдықорғанда неонаталды хирургия орталығы ашылды

Талдықорғанда неонаталды хирургия орталығы ашылды

Тәуелсіздік күніне орай Талдықорғандағы облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жанынан ашылған неонаталды хирургия орталығы өз жұмысын бастады. Нысанның ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Көпшілікті қуанышты оқиғамен құттықтаған Амандық Баталов мемлекет қолдауының арқасында облыста денсаулық сақтау саласын дамытуда, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруда біршама жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етіп, неонаталдық орталықтың ашылуын соның бір айғағы деп атап өтті: — Мемлекеттің басты мерекесі Тәуелсіздік күніне орай маңызды нысанды іске қосып отырмыз. Облысқа жаңа туған сәбилерге, жалпы балаларға арнайы медициналық көмек көрсететін осындай орталық қажет болатын. Бүгін, міне, сол қуанышты күнге жетіп отырмыз. Неонаталды хирургиялық орталық қажетті заманауи құралдармен толық жабдықталған. Мұндай орталықтар еліміз бойынша санаулы ғана. Мамандар енді осы құрал-жабдықтарды балалар еміне тиімді пайдаланады деп сенеміз. Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасына орай денсаулық сақтау саласын цифрландыруды қолға алдық. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тиімді тетік болып отыр. Осы саладағы көптеген жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылуда. Олардың қатарында облыстың аудан, қалаларындағы дәрігерлік амбулаториялар, емханалар да бар. Медицина ғылымының жетістіктері, жаңа құрал-жабдықтарды кәсібилікпен тиімді қолдану адам өмірін сақтауға және денсаулығын нығайтуға септеседі деп ойлаймын, — деді облыс әкімі А. Баталов.

Сонымен қатар, келесі жылы облыстық көпсалалы балалар ауруханасы күрделі жөндеуден өтетінін, аумағы абаттандырылатынын атап өтті. Жас маман, жаңа неонаталды хирургия орталығының реаниматолог дәрігері Әлиақпар Бекұлы құттықтау тілегінен кейін өзінің дәрігерлік тәжірибесімен бөлісті: — Менің тәжірибемде жаңа туған сәбиге күрделі операция жасау үшін Алматы, Астана қалаларына тасымалдау жағдайлары жиі кездесетін, бұл, әрине, үлкен қауіп болатын. Ондай кезде әрбір сағат емес, тіпті минуттың өзі қымбатқа түседі. Сондықтан мұндай орталықтың Талдықорғанда ашылуы — шынында да біз үшін үлкен оқиға. Біз, дәрігерлер, өз тарапымыздан сәбилердің денсаулығы мен өмірін сақтауға және нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, — деді.

Неонаталды хирургия орталығы 60 төсекке шақталған, 20 палатасы бар. Реанимациялық бөлімде 9 төсек қойылған. Орталық жаңа озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда, лапароскопиялық баған, бейнеколоноскоп, фиброгастроскоп, бронхоскоп, наркоздық аппараттар, ИВЛ, жаңа туған нәрестеге арналған «Жираф» реанимациялық үстелі, фототерапия аппараттары, кювездер, реанимациялық төсектер бар. Қазір орталықта 5 бала ем алып жатыр. Жобаның құны — 896,2 млн теңге.

Жаңа неонаталды орталықтың міндеті — жаңа туған сәбилерге және балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру. Жалпы Алматы облысында медицина мамандарының біліктілігін арттыруға, оларды қайта даярлауға көп көңіл бөлінеді. Бұл мақсатқа 2018 жылы жергілікті бюджеттен 201,5 млн теңге бөлінген. Соның нәтижесінде өңірдің медицина қызметкерлері шетелдің озық клиникаларында тәжірибе алмасуға, белгілі клиникалардың жоғары білікті мамандарынан дәріс тыңдауға мүмкіндік алды. Мәселен, 2018 жылы 344 маман Литва, Польша, Оңтүстік Корея, Түркия кадрларынан дәріс алды.

Талғар-ақпарат