Республика көлемінде өткен тікелей эфирдегі телекөпір барысында кәсіпорынды Алматы облысының басшысы Амандық Ғаббасұлы мен өндіріс ошағының директоры Александр Вязников салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Телекөрсетілім барысында өндіріс орны басшысы: — Зауыт өз өнімдерімен Қазақстан мен Орта Азия, Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан елдерінің де нарығын қамтамасыз етеді. Енді алдағы кезде тауар көлемін көбейтіп, оның қатарын 80 мың тоннаға дейін жеткізу көзделуде, -деді.
Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Алматы облысына кеспе шығаратын өндіріс өте керек. Барлығы қай жерде болса да, ауылшаруашылығы өнімін терең өңдеу мәселесіне мемлекет ылғи қолдау көрсетіп отырады. Мінекей, өнеге көрсетіп отырсыздар. Баршаларыңызға рахмет» -деп алғысын білдірді.
Осылай өз жұмысын бастаған зауыттың ағымдағы қуаты 51 мың тонна немесе 400 млн.нан аса дана дайын өнім өндіреді. Биылғы жылы 3 өндірістік желісін қосқан зауытта баршамызға белгілі «Роллтон» және «BIGBON» кеспелері дайындалады. «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» аттымен ашылған жаңа өндіріс орны 500 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Қазіргі таңда 370-тен астам адам еңбек етеді. Бүгінде озық технологиямен жұмыс жасайтын кәсіпорын қажетті барлық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылып, макарон әзірлейтін тағы бір желісін іске қосты. Негізі «Маревен Фуд Тянь-Шань» өндірістік-логистикалық кешені Қазақстан Республикасының Инвестициялар және Даму Министрлігінің Инвестициялар бойынша комитеті мен «Маревен Фуд Тянь-Шань» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі арасында 2007 жылы қол қойылудың нәтижесінде зауыт салынып, тұтынушылардың үлкен сұранысына ие болатыны да сөзсіз.
Талғар-ақпарат