Алматы облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті өз жұмысын қорытындылады

Алматы облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті өз жұмысын қорытындылады

Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Нариман Ботанов мекеменің жылдық жұмыс нәтижесін жария етті– деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 31 қазанына дейін Ішкі мемлекеттік аудит департаменті облыста 268 аудиторлық тексеру өткізген. Оның ішінде 248 жоспардан тыс, 20-сы жоспарланған шаралар. Тексеріс кезінде  анықталған қаржылық бұзушылықтар көлемі 18 269 648,2 мың теңгені құраса, ал процедуралық бұзушылықтар 20 397 712,4 мың теңге болған.

— Департаменттің мақсаты бюджет қаражатын, мемлекет активтерін және мемлекеттік сектор субъектілерін басқару мен пайдаланудың тиімділігін арттыру. Мұндай тексерулер жыл сайын жүйелі түрде жүргізіледі, — дейді Н.Ботанов.

Сондай-ақ, жасалған аудиторлық іс — шаралардың нәтижесінде, аудит объектілерінің 97 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда,  57 — ескерту, 36 — сөгіс, 2-қатаң сөгіс, 2 қызметкер жұмыстан босатылды. Және де есептік кезеңде мемлекеттік органдардың ұсыныстарымен 321 әкімшілік іс қозғалып, 24 692,2 мың теңге әкімшілік айыппұл өндірілген.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша, 2017 жылдан бастап, мемлекеттік сатып алу веб-порталында «Шағымдар тізілімі» модулі іске қосылды. Оның негізінде әлеуетті өнім берушілер веб-портал арқылы, ұйымдастырушы мен тапсырыс берушінің әрекеттеріне шағым жіберу мүмкіндігі бар. Осыған сәйкес, өзгеріссіз қызметкерлер саны негізінде, жалпы шағымдар саны айтарлықтай өскен. Мысалға, өткен жылы  жеке және заңды тұлғалардың 1566 шағымдары қаралса, осы жылы 2270 шағым қаралған.

— Өткен 10 айда біздің ұжым өте қарқынды жұмыс жасады. Оның бір дәлелі, пайда болған мәселерді бірден шешіп, соның алдын алу шараларын белсенді атқаруымыз, — деп қорытты спикер.

Талғар-ақпарат