Алматы облысында 2019 жылдан бастап, айлық жалақысы ең төмен санаттағы 31 мыңға жуық қызметкердің жалақысы өседі – деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған соңғы жолдауында, халық табысының өсуіне үлкен мән беріп, үкіментке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен жалақыны 1,5 есеге дейін арттыру жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес, облыста 2018 жылдың 7 қарашасынан бастап, облыс әкімдігі, Кәсіподақтар федерациясы және «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, еңбекақысы төмен санаттағы қызметкерлердің жалақысын арттыру аясында штаб құрылды.
Сондай-ақ, осы мәселе төңірегінде облыста түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін, жол картасы сызылып, екі отырыс өткізіген.
Аталмыш жол картасынның жасалу мақсаты – кәсіпорындарға мониторинг жүргізу арқылы, ең төменгі санаттағы жұмыскерлердің еңбекақысын көтеруге байланысты ұжымдық шарттарға, жұмыс берушілердің актілеріне және жұмыс берушілерге ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Алматы облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Керімбек Жаншабайдың айтуынша, штаб жұмысы келесі жылға дейін жалғаспақ.
«Бүгінгі күні, жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша, облыста 80 мыңға жуық адам еңбек ететін 14 091 жұмыс беруші бар. Оның 52 — і ірі, 174 — і орта, 13865 — і шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. Осы субьектілердің уәдесіне сай, 31 мың 66 қызметкердің жалақысын көтеруге әзір. Бірақ, бұл көрсеткіш штабтың тек алғашқы жұмыс нәтижесі ғана. Яғни, мұдай жұмыстар 2019 жылдың 1 тоқсанына дейін жалғаспақ»,- дейді ол.
Айта кету керек, президенттің еңбек ұжымдарында еңбекақы мөлшерін өсіруді жүктеуі, мемлекеттік қызметке қызығулықты арттыру және де жұмыс сапасын да жақсарту болып отыр.
Талғар-ақпарат