«Үйі жоқтың –күйі жоқ» дегендей, кез-келген әлеуметтік мәселе баспанамен тікелей байланысты болатыны анық. Бүгінде баспанаға мұқтаж отбасылар өте көп. Мәселен, Талғар ауданында тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны- 2901 адам, оның 1118 –і мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы 1288 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш жыл озған сайын артпаса кемімесі белгілі. Әрі баспанаға деген мұқтаждық еліміздің барлық аймақтарында орын алған. Елімізде қаншама жас отбасылар өз үй-жайы болмағандықтан, шаңырақтары шайқалып, айырылысып та жатыр. Осындай аса маңызды әлеуметтік мәселенің кесірі қоғамда толық емес отбасыларының көбеюуіне себеп болуда. Мұның өзі ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізері анық. Несін жасырамыз, жастар ғана емес, баспанадан жалдамалы пәтерді паналап жүрген үлкеннің де үміті бар.
Осы жағдайды ескерген Елбасы ағымдағы жылдың наурыз айында жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын «7-20-25» бағдарламасын ұсынған болатын. Аталмыш бағдарлама жүзеге асырыла да бастады. Енді міне, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жуырда ғана Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да шарапаты мол бағдарламаның тиімділігін арттыратын нақты тапсырмалар беріліп, әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялауды тапсырылды. Мұның өзі сан мыңдаған отбасы үшін тұрғын үй проблемасын шешуге мол мүмкіндік берері айдан анық.
Өткен аптады аудандық әкімдіктің кіші жиынжайында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру шаралары» атты дөңгелек үстел өткізілді. Айтулы шараға Алматы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Болат Долдаұлы Тәкенов, орынбасары Марат Нүсіпбаев, сонымен қатар «Жилстойбанк»-ің Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев, «Нұрбанк» филиалының директоры Азат Ракишев, бірқатар құрылыс жүргізуші компаниялар мен инвесторлар қатысты. Жиынның модернаторы болған аудан әкімі Рыскелді Сатбаев жиналғандарды келелі кездесудің мақсаты және регламентімен таныстырды. Аудан басшысы «7-20-25» бағдарламасының тиімділігін айта келе, баспаналы болғысы келетіндер үшін үкімет тарапынан жаңа мүмкіндіктер жасалып жатқанын алға тартты. Бағдарлама 7 проценттік мөлшерлемеден, 20 проценттен аспайтын бастапқы жарнадан және 25 жылға дейінгі несие мерзімінен құралған. Бұнда негізгі қағида — мөлшерлеменің көбейтілмеуі, яғни қарызды беруде, қызмет көрсетуде ешқандай комиссия алынбайды. Басты талап — ресми кіріс көзінің болуы, еңбек немесе кәсіпкерлік қызметінің расталуы. Елбасы тапсырмасы бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында бастапқы жарна 20 пайыз болса, оның жартысы, яғни баспанаға төленетін соманың 10%-ы жергілікті атқарушы органдар есебінен қаржылай көмек ретінде, пайызсыз қарыз беру жүзеге асырылатынын , әрі бұл категорияға жас отбасылар және бюджеттік сала қызметкерлері кіретінін айтты. Бұл ретте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ –ың басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков меморандумға қол қойған. Аудан әкімінің мәліметіне сүйенер болсақ, «7-20-25» бағдарламасы бойынша Талғар қаласында қараша айында 60 пәтерлік несие үйі берілмек. Құрылысты бас мердігер «СБК Костракшн» ЖШС-і жүргізген. Сондай-ақ, биылғы жылдың соңына қарай «Алма Тау» тұрғын үй комплексі іске қосылады, онда 504 пәтер бар, оның 40 пәтері бағдарлма бойынша сатылады. «Тайра –Құрылыс»ЖШС-нің « Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салған коттедж қалашығындағы әрқайсысының аумағы 106 шаршы метрді болатын 5 жеке үй берілмек. Аудан әкімдігі ауданның жер қорынан Талғар қаласының «Жаңа Talgar citi» деп аталатын жаңа мөлтек ауданында 7,9 гектар жерді көп қабатты үйлер тұрғызуға бөліп отырғаны, өткізіліп отырған дөңгелек үстел де сол жер аумағына тұғындар үшін «7-20-25» бағдарламасы бойынша сапалы әрі заманауи жәйлі пәтерлер салу мәселесін жан-жақты қарастыру болып табылатынын жеткізді. Айта кету керек, аталмыш жер аумағына осыдан біраз жыл бұрын инфрақұрылым жүргізілген, ( бұл дегеніміз-жарық, жол, арық аналары, ауыз су,кәріз жүйесі) биылдың өзіне облыс әкімдігіне реконструкция жасауға қажетті ЖСҚ-на қаражат сұрастырылып отыр.
Бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында көпқабатты тұрғын үйлер салуға ынталы құрылыс компаниялары өз жобаларын ұсынып отыр. Атап айтар болсақ, «Нимра Констракшн» түрік компаниясы өз қаражатына 12 қабатты 6 үй салуға дайын. Ондағы пәтер саны -344. Комплекстің жалпы аумағы – 26920 шаршы метрді құрайды.«Элит Строй»ЖШС-і жалпы аумағы 12 000 шаршы метрді құайтын 14-қабатты 2 үй салуға ынталы. «Эксклюзив Констракшн»ЖШС-і жалпы аумағы 10 000 шаршы метр болатын 12 қабатты екі үйді тұрғызуды жоспарлаған. «АDK Index» ЖШС-гі 9 қабатты екі үй тұрғызуға мүмкіндігі бар екен. Оның аумағы 8000 шаршы метр болмақ. «Нурия» ЖШС, жалпы аумағы 64 396,8 шаршы метрді құайтын 9 қабатты 14 көпқабатты үйлер салуға бел буып отыр. Бесағаш ауылдық округіне қарасты «Луч Востока» ӨК мекен жайында «Аспан Сити» көп пәтерлі тұрғын үй комплексі салынуда. 12 қабатты көппәтерлі 12 үйде 944 пәтер орын тепкен. Аталмыш құрылыс жұмыстарын «Эксклюзив Констракшн» ЖШС-і жүзеге асырып отыр. Талғар қаласындағы Пугачев көшесіндегі №3 мекен жайында жалпы аумағы 4000 шаршы метрді қамтитын 12 қабатты 2 үй 2019 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы «Alma Village» коттедж қалашығы 48,0 га. жерді қамтиды.
Онда шағын жер телімі бар 659 үй және 24 үш қабатты (443 пәтер) үйлер бой түземек. Аудан әкімінің хабарламасында осындай маңызды мәліметтер қамтылып, арнайы экран арқылы құрылыс алаңдары, жобасы, басқа да мағлұматтар слайдтар арқылы ілеспе түрде көрсетіліп отырды.
Осыдан кейін сөз кезегін Алматы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Болат Тәкенов алып, кешенді бағдарлама аясында облыс бойынша атқарылып жатқан әрі алдағы уақытқа межеленген жұмыстар жайын жеткізді. Облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 41 мыңнан аса адам тұрғанын айта келе, Елбасы ұсынған «7-20-25» бағдарламасы үйсіз жүрген мыңдаған отбасына үлкен қолдау болып отырғанын алға тартты. Алматы қаласына жақын орналасқан Қарасай, Талғар және Іле аудандары үшін баспананың ең жоғары құны 25 млн. теңгеге дейін болып бекітілгені айтылды. Мұның өзі баспана таңдаудағы мүмкіндіктің кеңейгенін көрсетеді. Талғар қаласындағы 7,9 га. жаңа мөлтек аудандағы жер учаскесінде көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін ең алдымен инженерлік-техникалық талапқа сай инфрақұрылымын жүргізу керектігін, сонымен қатар құрылыс компанияарына тұрғын үй салу үшін бөлінетін жер телімдерін заңға сәйкес беру мәселесін, өз қаражатымен құрылыс жүргізуге қауқарлы инвесторларға басымдылық берілетінін Б.Такенов мырза баса айтты. «7-20-25» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін мүмкіндік те, ниетті құрылыс қомпаниялары да, ауқымды жер телімдері де бар. Ең бастысы баспана зардабын тартып отырған үш мыңға жуық адамның артында, бір-бір отбасы тұр. Яғни, сұраныс өте жоғары. Осыны ескерген облыс басшылығы Талғар ауданын базалық деңгейде қарастырып, мүмкіндігінше қолдау көрсететін болады. Жиын барысында «Жилстройбанк» Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев, «Нұрбанк» филиалының директоры Азат Ракишев, «Эксклюзив Констракшн» ЖШС- ің өкілі Қуаныш Турабаев, түрік құрылыс компаниясының басшысы Мухсин Сефи-оглы, «Эксклюзив Констракшн»ЖШС-і, «Элит Строй» ЖШС-і өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, құрылыс жобаларымен таныстырды.
Бұл бағытта атқарылар іс ауқымды, талап пен жауапкершілік те жоғары болары анық. Елбасының алға қойған келелі міндеттері жүзеге асырылып, көпқабатты зәулім үйлер ел игілігіне берілер күн де алыс емес. Олай дейтініміз, үйсіз-күйсіз жүрген отбасыларының баспана алу мүмкіндігі барынша жеңілдетіліп, үкімет тарапынан мол мүмкіндік беріліп отыр.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат