Алматы облысында «Болашақтың цифрлық индустриясы Big Data Blockchain» атты Ted Х форматында Мақсат Нұриденұлымен кездесу өтті. Оған қала студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда нарық жоғары мамандандырылған, сапалы жұмыс атқаратын қызметкерлерге тапшы. IT-мамандарды даярлау дәрежесі төмен болғандықтан бизнесмендер қызметкерлерді шетелден жалдайды. Аталмыш қызметтегілердің сыртта жұмыс істейтіндігі ғана елдегі азаматтарға мәлім. ІТ саласының дамуы шағын орта кәсіпкерлікке байланысты.
«Маманның өте жылдам дамып жатқан технологияларға бейімделе білуі қажет. Сол себептен, өзін-өзі оқыту ең басты қасиеттерінің бірі болуы тиіс. Әйтпесе, бірнеше жылдың көлемінде маманның маңызы кетіп, жұмыстан шығып кетуі мүмкін. Техникалық құжаттарды оқи алатын дәрежеде ағылшын тілін білу де ең маңызды талаптардың бірі. Аталған маман иелері жұмыс істей алуы керек. Үлкен жобаларды бірге, жұмыла жасай алатын мінездің болғаны да артықтық етпейді. Өз басым банк қызметінде жұмыс істегеніме 7 жыл, айти саласында жұмыс атқарғаныма 2 жыл болды. Оған дейін бөлшек саудамен айналысып, клиенттердің нарық жолындағы талаптарына сай болу үшін IT саласын үйреніп, деректер блогының жағына көшуге тура келді. IT саласының маманынсыз болашағымызды елестету мүмкін емес. Болжамдарға сүйенсек, 2030 жылға таман бірнеше жаңа мамандықтар қалыптасады әрі барлығы технологиямен тығыз байланыста болады. Қарапайым мессенджерлердегі боттардың өзі жасанды зияткердің қалыптасып, адамдармен қарым-қатынас орната бастағанын дәлелдейді»,-деп қорытындылады М.Нұриденұлы.
Жиын соңында білімгерлер мен болашақ IT мамандары көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап ала алды.
Талғар-ақпарат