Алматы облысының аумағында 2017-2018 жылдардағы эпидемиялық кезеңде ЖРВИ-дің 40 601 жағдайы тіркеліп, алдыңғы эпидмаусыммен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі төмендегені анықталды. Бұл туралы Алматы облысының Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов айтты, деп хабарлайды талғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Жыл сайын жергілікті бюджеттен иммундауға жататын контингенттерді егуге қаржы бөлінеді. Биылғы 2017-2018 жылдардағы эпидемиялық кезеңге Алматы облысының бюджетінен «СК-Фармация» ЖШС арқылы саны 280 мыңнан астам тұмауға қарсы «Гриппол» вакцинасы сатып алынды. Гриппол плюс вакцинасы тұтастай қауіпсіз. Себебі оның құрамында антибиотиктер мен консерванттар жоқ. Вакцинада иммунды жауаптың қарқындылығын жоғарылатуға септігін тигізетін адъювант бар.
«Тұрғындар арасында ЖРВИ мен тұмауға қарсы шараларды жүзеге асыру мақсатында жүргізілетін мониторинг нәтижесінде 2018-2019 жылдардың эпидемиялық маусымына A (H1N1) – Мичиган, A (H3N2) – Сингапур, B – Колорадо (линия B/Victoria) тұмау штамдарының айналымы болжанып отыр. Тұмаудың алдын алу үшін тұрғындардың санитарлық сауаттылығын арттырып, жеке қорғаныс құралдарын, яғни бір реттік сүлгілер мен медициналық маскаларды, залалсыздандыру құралдарын пайдалану керек. Жеңіл мазасыздық пайда болғанда тез арада дәрігерге қаралуға кеңес беремін. Жоспарлы иммундалатындардың қатарына диспансерлік есепте тұрған, әлсіз және алты айдан асқан көп ауыратын балалар, қарттар үйі мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүгедектер, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар адамдар және медицина қызметкерлері жатады. Бұл санаттарға жататындар тегін түрде егілуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, аталған санатқа жатпайтындар ақылы түрде медициналық мекемелерде екпе жасата алады»,-деді Е.Сыдыманов.
Айта кетейік, облыста тұмауға қарсы иммундау қыркүйек айының соңынан бастап жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 155 492 адам тұмауға қарсы екпе жасатқан.
Талғар-ақпарат