Жолдау – баянды болашаққа бастайды

Жолдау – баянды болашаққа бастайды

Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауын жолдаған болатын. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға арналған  Жолдауды талғарлықтар да ерекше ықыласпен қабылдады.

Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Жолдауды талқылауға арналған аудандық актив жиналысы өтті. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудан әкімінің орынбасарлары мен мекеме, кәсіпорын, комитет, басқарма басшылары, бөлім жетекшілері, аудандық маслихат депутаттары, еңбек және соғыс ардагерлері, білім беру, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ауылшаруашылық құрылымдарының басшылары, БАҚ өкілдері, жастар, қоғамдық  бірлестіктердің жетекшілері, аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, Талғар қаласы және ауылдық округ әкімдері қатысып отырды. Актив отырысын ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Рыскелді Сатбаев  Жолдаудың әрбір қазақстандық отбасының, әрбір адамның жағдайын, тіршілік ортасын жақсартуға арналғанын, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, сыбайлас жемқорлықпен күрес, құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру, мемлекеттік қызметтің тиімділігін көтеру сияқты күнделікті өмірдегі мәселелерге ерекше мән беріліп отырғанын тілге тиек етті. Бірінші болып сөз алып, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»  атты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген тапсырмаларын іске асырудағы атқарушы органдардың міндеттері туралы» баяндамасын жасады.

—     Кезекті Жолдауда әрбір қазақстандық жеткен жетістіктерімізді сақтап, оны одан әрі нығайтуға, келешек ұрпаққа қуатты мемлекет қалдыруға мүмкіндігіміздің бар екендігі тағы да дәлелдеп берді. Алдағы жылдарға нақты бағдарламаларды анықтап Президент  Үкіметке, жергілікті атқарушы мен өкілді билік органдары алдында нақты тапсырмалар қойды. Осыған орай, Талғар ауданының тұрғындары арасында насихаттау ісіне үлкен көңіл бөлуде. Осы мақсатта атқарылатын жұмыстардың арнайы кестесі бекітіліп, оларды жүзеге асыратын  лауазымды адамдар айқындалды,- деп сөз бастаған аудан әкімі Жолдауды іске асыру барысында жергілікті атқарушы органдармен жүргізілуі тиіс жұмыстарға тоқталды. Жолдауда көрсетілген халық табысының өсуі, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен табиғи монополиялар қызметтері үшін белгіленетін тарифтерді ретке келтіру, сырттан келетін және ішкі туризмді дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, білім беру сапасын жақсарту, өмір сүруге жайлы орта қалыптастырып, «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғындарды баспанамен қамту, инфрақұрылымды дамыту, құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер енгізу, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру, бюрократтық рәсімдерді қысқарту, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау, ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту мақсатында Елбасы көрсетіп берген бағыттар бойынша жұмыстарды жүзеге асыру үшін ауданымыздың осы салаларға қатысты басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, жұдырықтай жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

— Елбасымыз әрбір Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Біз Жолдаудағы міндеттерді іске асыру бойынша барлық нақты шараларды қабылдаймыз,- деп сөзін аяқтаған Рыскелді Ахметқалиұлы орынбасарлары мен бірқатар бөлім басшыларына аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіп, ақпарат топ құрып, Елбасының Жолдауын түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және оған ақпараттық қолдау көрсетуді тапсырды. Аудан әкімінен кейін мінберге кезекпе-кезек көтерілген аудандық мәслихат депутаты Сұлтан Нұрдаулетов, Талғар қаласындағы орталық аурухананың қан құю бөлімінің меңгерушісі Анна Бушанская,  Талғар қаласындағы «Алмалы» жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дәурен Үшкемпиров, Талғар қаласындағы Д.Қонаев атындағы Заң колледжінің ұстазы Қуаныш Мұрат сөз сөйледі. Жарыссөзге шыққан азаматтардың бірі Жолдаудағы шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты өз ойын білдірсе, енді бірі білім сапасын арттыру мен мұғалім мәртебесінің көтерілетініне ризашылықтарын білдірді. Спорт пен дене шынықтыруға жете көңіл бөлініп, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны да сөйлеушілердің көңіл марқайтқан.  Елбасының жаңа Жолдауы көптің көңілінен шығып, болашаққа сенімін нығайтып, алға үлкен міндеттер жүктеді. Сол маңызды бастамаларды бір кісідей қолдап, бірлесе жұмыс жасауды мақсат етіп тарасты жиылған қауым.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар»