Ағымдағы жылдың 4 қазанында қазақстандықтарға «Қаржыгер. Шығу ойыны» көркем фильмі ұсынылды. Картинаның негізгі тақырыбы биржа мен қаржылық алып-сатарлық. Фильм кейіпкерлерінің бірін танымал актер Асылхан Төлепов сомдаған. Ол түсірілім барысындағы қызықты оқиғасымен бөлісті, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
— Түсірілімнің бірінші күні Қапшағайда басталды. Алайда сол күн-ақ жұмысыма білек түре кірісуге қайтып қалдым. Себебі, сценарий бойынша қолым байлаулы күйі суға түсуім керек еді. Алайда аяғым тайып кеткендіктен межеленген таспен бірге суға баттым. Бойымды қорқыныш үрейі билесе де, жанталасып жаттым. Артымша администратор жігіт суға түсіп, құтқарып алды. Осындай оқыс оқиғамен басталған шығармашылық алаң мен үшін бірден жақын әрі ыстық болып кетеді деп ойламаппын, — дейді ол.
Фильм брокерлер Руслан мен Таирдың хикаясы жайлы. Олар мансап жолында көптеген сынақтарды бастарынан өткереді. Қазіргі заманды ашық көрсететін фильмнің шығармашылық тобының тең жартысы дебютант болып шықты. Алайда көпшіліктің айтуынша картина өте сапалы әрі кәсіби орындалып шыққан. Толығырақ көрермендерге жол тартқан туынды жайлы режиссёр Елена Лисасина баяндап берді.
— Кино – ол өнердің ерекше түрі деп есептеймін, мәдениет пен өркениеттің көш басында тұрған бұл сала әлі талай көрермендерін қуантады деген ойдамын. Шығармашылық адамы болғандықтан біз үшін ең бастысы туындының сапасы, халыққа жеткізер ойы және сұраныста болуы маңызды. Осы талаптарды орындай келе киномызға кәсіби әрі талантты адамдарды жинадық. Жұмыс барысында да айтарлықтай қиындық туған жоқ, барлығы бір үйдің баласындай бірлесіп істеп кеттік, — деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, фильмді небәрі 41 түсірілім күнінің ішінде түсіріп біткен. Алдағы уақытта «Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмі көршілес мемлекеттердің көрермендеріне де жол тартпақ.
Талғар-ақпарат