Алматы облысында емханаға тіркеу науқаны басталады

Алматы облысында емханаға тіркеу науқаны басталады

Науқан ағымдағы жылдың қыркүйек айының 15-інен қарашаның 15-ші жұлдызына дейін жалғасады. Екі айға созылатын жыл сайынғы дәстүр кез-келген адамға өзі қалаған медициналық ұйымға тегін тіркелуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

«Науқанның мақсаты — қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтарға емдеу мекемесін ауыстыруға мүмкіндік беру. Сондай-ақ, бұл шара нарыққа жаңадан қосылған медицина ұйымдарының келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау мақсатында өткізіледі. Сондай-ақ, былтырғы тіркеу науқаны барысында 300 мыңнан астам қазақстандық азамат емхана таңдау құқығын пайдаланған болатын. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден екі есе көп. Және тіркеу кампаниясына деген қызығушылықтың артқанын, азаматтардың аталған науқан туралы ғана емес, емхананы еркін таңдау құқығы жайлы да біле бастағанын білдіреді», — деп қосты ол.

Жиында сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының» облыстық филиалының директоры Үсентаева Наталья да ақпарат легімен бөлісе кетті.

— Отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін іске асыру үшін емхананың үйге жақын маңда болғаны дұрыс. Бұл үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы реформаларды ескерсек мұның маңызы арта түседі. Себебі бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жергілікті емханалар қызмет көрсетеді, — дейді ол.

Айта кету керек, азаматтар үш түрлі жолмен медицина ұйымына тіркеле алады. Олар  медицина ұйымына тікелей бару арқылы, egov.kz порталының көмегімен және халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіне алады.

Талғар-ақпарат