Алма өсіру алға баспақ

Алма өсіру алға баспақ

Жуырда егінжай күніне орай Бәйдібек би ауылдық округі «Даврешев» шаруа қожалығы аумағында «Бақшаларды өсірудің жаңа технологиялары, жеміс-жидек өнімділігін жоғарылату және сақтау» тақырыбында семинар өткізілді, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Семинарға Агротекно Фертилизантес компаниясының Россия, Украина және Қазақстан аумақтарындағы менеджері Денис Рохас, А.С.К. ТЕХНИК компаниясының сату жөніндегі бас менеджері У.Ерғалиев, А.С.К. ТЕХНИК компаниясының қызметкері, биология ғылымдарының докторы Б.Бахаутдин, Агротекно Фертилизантес компаниясының Түркістан облысы бойынша өкілі Н.Әлиев, А.С.К. ТЕХНИК компаниясының сату жөніндегі менеджері Ж.Тағаев секілді қонақтар қатысты.

Семинардың мақсаты – Алматы және Түркістан облыстарының климаттарында бейімделген әрі жоғары өнім беретін алма сорттарын таныстыру. Осыған байланысты, облыстардағы климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, шаруа қожалықтарында өсірілетін алмалардың құнарлылығы мен сапасын арттыру мақсатында бағбандар өзара тәжірибе алмасты. Жердің ыңғайна байланысты тыңайтқыштардың жаңа түрлері таныстырылып, соңғы технологиялардың мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл салада «Даврешев» шаруа қожалығының жинаған тәжірибесі мол. Семинарға келушілер де сапалы өнім алудың қыр-сырын үйренісіп қайтты. Бастысы семинар бәрінің көңілдерінен шығып, көздеген мақсатына жетті.

Талғар-ақпарат