Жыл соңына дейін еліміздегі 6 мыңға жуық әскери қызметші «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы баспаналы болады. Енді олар тұрғын үй төлемі үшін берілетін қаржыны пәтер жалдауға емес, пәтер сатып алуға жұмсайды. Бастысы, әскерилерге баспаналы болудың үш жолы ұсынылып отыр, деп хабарлайды ТалғарАқпарат aikyn.kz.ке сілтеме жасап.
«Осы жылы біз әскери қызметшілерге арналған аса маңызды жобаны бастадық. Ол Отан қорғаушыларға баспана алуға мүмкіндік береді. Бұл мақсатта банк 98 млрд теңге бөліп отыр. Оның 74 млрд теңгесі әскери қызметшілерге несие беруге жұмсалады. Ал 24 млрд теңге кейбір займдарды қайта қаржыландыруға бағытталады» дейді «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Оның айтуынша, несие беру ашық әрі әділ жүру үшін арнайы ұпай жүйесін енгізілген. Бұл жерде үміткерлердің әскери қызметтегі еңбек өтілі маңызды рөл ойнайды. Сөз басында айтқанымыздай, банк үміткерлерге займның үш түрін ұсынып отыр: біріншіден, қолында үй құнының 5 пайызына тең бастапқы жарнасы бар әскери қызметші жылдық мөлшері 7 пайыз болатын несиеге үміткер бола алады. Бұл жағдайда клиентке жаңа үйлер нарығынан құрылыс жүргізіп жатқан құрылыс жүргізушіге тиесілі пәтерді таңдау талап етіледі.
Екінші мүмкіндік, әскери қызметші 20 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнасы болса, онда ол алатын несиенің жылдық мөлшерлемесі 6 пайызға төмендейді. Мұнда да үйді құрылыс салушының өзінен сатып алу талабы бар.
Ал қайталама нарықтан өзім таңдап аламын деген әскери қызметшіге «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіндегі» депозитке 20 пайызға тең бастапқы жарна жинау керек. Осылайша, ол жылдық мөлшерлемесі 8 пайыз болатын несиеге өтініш бере алады.
Аталған займды Шекара қызметі, Ұлттық Ұлан, Әскери прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі мен Мемлекеттік қорғау қызметтерінің қызметкерлері ала алады. Ал әскерилердің ішінде бұл займ бірінші кезекте көпбалалы әскерилерге беріледі.
«Бізге өтінім бергендер арасында 8 баласы бар әскери қызметші болды. Оның мүмкіндігі жоғары. Осы уақытқа дейін әскери қызметшілерге 84 несие бердік. Әскери қызметші алатын несие сомасы мемлекеттен берілетін тұрғын үй төлемі негізінде беріледі. Әскери қызметшілердің зейнетақы шоттарына қарамаймыз. Келесі жылы бұл бағдарламаны жалғастырып, алдағы 5-6 жылда әскери қызметшілерді үймен қамтамасыз етуді аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, бұл ұзақмерзімді бағдарлама» дейді Ләззат Ибрагимова.
Банк басшысы айтқан дерек бойынша, Астанада тұратын әскери қызметші тұрғын үй төлемі ретінде отбасындағы әр адам үшін 48 870 теңгеден алады. Егер оның екі баласы болса, отбасындағы 4 адам үшін мемлекет қазынасынан пәтер жалдауы үшін 195 480 теңге төленеді. Енді осы отбасы Астанада «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы 19,2 млн теңгенің үйін сатып алуына болады. Егер ол әскери қызметші Қарағандыда тұратын болса, тұрғын үй төлемі – дәл осы құрамдағы отбасы үшін бір адамға 28 548 теңге. Ондайда 12,3 млн теңгенің пәтерін сатып алады. Шымкенттен сәйкесінше 8,9 млн теңгенің баспанасына ие болады. Банк басшысы тұрғын үй төлемі арқылы баспаналы болу мүмкіндігі бір рет қана берілетіндіктен, отбасын құрмаған әскерилерге займ алуға асықпауға кеңес берді. Оның орнына баспана төлемдерін банк шотында жинап, келесі жылы қомақты қаржыға шаршы метрі үлкен пәтер алу мүмкіндігін пайдаланған жөн дейді. Әрине, таңдау әскерилердің өз еркінде.
Оның айтуынша, өтініштер 2 шілде мен 1 тамыз аралығында Askeri.baspana.kz арнайы порталында қабылданған. Бір айда 13 мыңдай өтініш түскен. Соның 4400-і іріктеп алыныпты. Мыңнан астамы қарастырылып жатыр екен. Өтініш берушілер арасында Астана мен Алматы, Өскемен қалаларының үлесі басым. Ал ең көп өтініш Қорғаныс министрлігі өкілдерінен түскен.
Талғар-ақпарат