І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің орталық стадионында ағымдағы жылдың 13 қыркүйек күні жалпы қалалық студенттік кеш өтеді, деп хабарлайды ТалғарАқпарат коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылар бірінші курс студенттеріне арналған айрықша мерекелік бағдарлама дайындауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың Тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Оспанова Әсел мәлімдеді.
Спикердің айтуынша биылғы жылы университетке 2091 студент оқуға қабылданды. Оның ішінде доктарантураға 34, магистратураға 306, бакалаврға 1751. Жыл артып олардың саны өсуде.
«Білімгерлердің қауышу кешін өткізу дәстүрге айналып бара жатыр. Әр жыл сайын кештің қонақтары артуда. Атап айтсақ биылғы жылы эстрада жұлдызы ҚР мәдениет қайраткері, жыршы, термеші Өмірқұл Айниязов, әнші, театр және кино актері Олжас Абай шақыртылған. Сонымен қатар, қаланың жас орындаушылары Дәурен Қыдыров, Раша Мұқанов және Dj Эмин Хаджиев өнер көрсетпек», — дейді Ә.Оспанова.
Жиында сонымен қатар, университеттің мәдени-көпшілік іс-шаралар бөлімінің басшысы Оханов Жайық оқу ордасына біраз тоқталып өтті.
— Университетте өзін-өзі басқару органы болып табылатын Жастар ісі жөніндегі комитеттің маңызы жоғары. Комитеттің құрамына әр факультеттің студенттік декандары, жатақхана кеңестері, студенттік ұйымдар мен клубтар кіреді. Ректорат тарапынан студенттік өзін-өзі басқару органына үлкен көмек көрсетіліп отырады. Сондай-ақ, комитет құрамында әр факультеттен белсенді жастар бар. Комитет жанында «Жас Отан» Жастар қанаты, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, «Ғылыми ізденушілер», «Қыз қылығымен» қыздар клубы, «Ілияс» пікір-сайыс клубы, «Ілияс ізбасарлары», «Қызықты психология», «Жас түлек» студенттік театры, Көңілді тапқырлар клубы, «Жас журналист» клубы, «Шағала» би ансамблі және «Жас түлек» студенттік театры жұмыс істеуде. Бүгінде оның да құрамындағы студенттердің қатары көбеюде»,- деп қорытындылады ол.
Талғар-ақпарат