Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қала активіне Өскеменнің жаңа әкімін таныстырды. Ол бұған дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған — Жақсылық Омар, деп хабарлайды ТалғарАқпарат.
Жақсылық Омар өскемендіктерге бұрыннан таныс. Себебі ол 2009-2016 жылдар аралығында Шығыс Қазақстанның облыстық әкімдігінде түрлі қызмет атқарған.
Еңбек жолын 2001 жылы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде жетекші маман болып бастаған.
Әр жылдары ҚР Қаржы министрлігінде, «Қазақстан» телерадиокорпорациясында, ШҚО ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары, кейін басшысы болып қызмет етті.
2011 жылдан 2013 жылға дейін ШҚО мәдениет басқармасының басшысы болды.
Жақсылық Омар – экономика ғылымдарының магистрі.
Жақсылық Мұқашұлы 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы — география пәнінің оқытушысы, мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры.
Талғар-ақпарат