Сарыарқаның төрінде, ерке Есілдің жағасында орын тепкен Астана Қазақстанның жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі. Жуырда ғана еліміз ай шуақты Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Аз уақыттың ішінде көркейіп, гүлденіп, әлемге танылған Астананың айшықты келбеті көрген жанды тамсандыртпай қоймайды. Жастарымызды болашаққа бастайтын бас қаламыз өнер, білім және мәдениеттің,
ғылымның ордасына айналуда.
Осы патада Алатау ауылдық округіне қарасты Қызыл-Қайрат ауылындағы Мəдениет үйінің ауласында «Аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту» бөлімінің ұйымдастыруымен «Ел жүрегі Астанаға -20 жыл» атты мерекелік концерт болды. Айтулы шараны тамашалауға ауылдың ақ жаулықты əжелері мен тұрғындары жиналды. Мерекелік концерттің шымылдығы М.Бөрібаев атындағы «Алатау аясында» халықтық əн-би ансамбілінің орындауында Түркештің «Көңілашар» жəне Құрманғазының «Балбырауын» күйлерімен
түрілді. Күміс көмей əнші Кеңес Баймұхановтың «Сен мені ұмыттың ба?», өнер саңлақтары Мырзабек
Пармановтың орындауында «Көзімнің қарасы», «Астана – столица моя», Ғайса Рамазановтың «Іздедім сені» əндері, сонымен қатар өнер өрендері Натхан Манай, Нұртай Əбдуəли, Айдос Балғабек, ағалы-інілі Ерболат
пен Ерқанат Нұрсұлтан, Жомарт Құлбарақов, Тілек Шернияз, Мұратбек Сарыбасов, Берік Рахымбаевтардың орындауындағы халық əндері, ретро əндерден папурри көптің көңілінен шығып, құлақ құрышын қандырды.
Əуелеген əсем əн, толқынды əуен, күмбірлей төгілген күй көк аспанда шарықтап, əр көңілді шаттық пен қуанышқа бөледі.
Қобыз – қазақ халқының көне музыкалық аспабы, ұлттық мəдениетіміздің алтын діңгегі. Оның ғажайып сазды əуені жандүниеңді тебірентпей қоймайды. Қобызбен орындалатын шығармалар бүгінде түрленіп, заманауи үлгіде дамып келеді. Осынау қиын əрі күрделі өнерді игерген қобызшылар Гүлзира Шаяхметова мен Жадыра Нұрманбекованың орындауындағы қазақ əндерінен папурри ерекше тартымды əрі əсерлі болып шықты. Қыл қобыздың əуеніне еліткен жұрт, зор ықыласпен қол соғып, қос өнерпазға қошемет көрсетті. «Асылтастан, өнер-жастан» деп тегін айтылмаған. Өнер айдынында өзіндік өрнектері бар апа-ағаларының жолын қуған өнерпаз бүлдіршіндер Бірғаным Қажымұхамбеттің орындауындағы «Елге сəлем», Қымбат Қапсалəмованың «Қазақстаным» əндері ісшара мəнін ажарландыра түсті. Концерт «Жасыл жайлау» əнімен қорытыдыланып, жиналғандар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».