БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЖАМАҒАТ

БІРЛІГІ  ЖАРАСҚАН  ЖАМАҒАТ

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді жəне атқа мінуді үйретіңдер» — десе, тағы бір хадис шəріпінде Аллаға əлсіз мұсылманға қарағанда, күшті мұсылман жақынырақ жəне сүйіктірек екені айтылған. «Дені саудың-жаны сау» демекші, осынау ұлағатты өсиеттен мұсылман үшін рухани іліммен қатар салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданудың маңыздылығы айрықша екенін түсінеміз. Спортпен шұғылдану денсаулыққа пайдалы əрі адам баласын батылдыққа, төзімділікке, қайраттылыққа, мақсатшыл болуға тəрбиелеп, ерік-жігерін шыңдайтыны, айтпаса да түсінікті.

Осы аптада, сəрсенбінің сəтінде Талғар қаласындағы «Жастар» стадионында «Алматы облысының дін істері жөніндегі басқармасы» ММ «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Астана қаласының 20 жылдығына» орай ерлер жамағаттары арасында облыстық Спартакиада өткізілді. Сайыстың басты мақсаты жамағат арасындағы береке-бірлікті, бауырмашылық пен сүйіспеншілікті нығайту, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау болып табылады. Айтулы сайыстың шымылдығы асқақтай шырқалған Əнұранмен түріліп, ұйымдастырушылар мен құрметті қонақтарға сөз берілді. Жиналғандар алдында сөз алған «Сəт» мешітінің бас имамы,каратэден қара белбеу иегері атанған спорт саңлағы, ауған соғысының ардагері Сейтқали Ыбытаев ақсақал, Талғар қаласының əкімі Жандос Ауелбаев, қазақша күрестен, самбо, дзюдодан спорт шебері, күрестен Азия, Əлем жүлдегері Ержан Аязбаев, Алматы облысы дін істері басқармасының бөлім бастығы Ерлан Матаев, Талғар ауданының бас имамы Мұсабек Тағанұлы ислам дінінің асыл құндылықтарын тілге тиек ете отырып, жиналған жамағатты аталмыш спорт мерекесімен құттықтап береке-бірлікке, татулыққа шақырды, жүзден-жүйрік дараланатын сайыста сəттілік тіледі.

Қарасай, Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ жəне Талғар аудандарынан келген мешіт жамағаттары спорттың 4 түрінен: шағын футбол, қазақ күресі, жүгіру, арқан тартудан додаға түсті. Аталмыш спорт түрлері бойынша жақсы дайындық деңгейін көрсеткен мешіт жамағаттары, жүзге жуық спортшы қызу тартысты ойын көрсетті. Нəтижесінде: шағын футбол ойыны бойынша жүлделі 1-орынды Талғар ауданының командасы қанжығасына байлады. 2-орын Еңбекшіқазақ ауданының спортшыларына бұйырса, 3-орынды Іле ауданының жамағаты иеленді. «Күш атасын танымас» дегендей, бабы келіскен балуандар боз кілем үстінде белдесіп, қазақша күрестен тамаша өнерлерін паш етті. Сонымен, спорттың бұл түрінен жеңіл салмақта 1-орынды Жамбыл ауданынан келген балуан Ердос Отан жеңіп алды, 2-орынды Талғар ауданының талапкері Ердос Сиқаев иеленді, ал 3-орын Жамбыл ауданының сайыскері Рəсім Қазақбаевқа бұйырды. Ауыр салмаққа қазақша күрестен ақтық сында оқбойы оза шапқан Рақышев Бауыржан (Талғар ауданы) жүлделі 1-орынға көтерілді, 2-орынды Серік Қораласбаев (Талғар ауданы), ал 3-орынды Алмас Мұхамметұлы (Іле ауданы) иеленді.

Бұл күні желаяқ жүйріктер де жақсы нəтиже көрсетті. Желдей есіп мəреге бірінші болып жеткен Жақсылық Құдайбердиев (Қарасай ауданы) жүлделі 1-орынды қанжығаға байлады, 2-орынға Ансар Нұргелдиев (Талғар ауданы) көтерілді, ал 3-орын Асадбек Адилбаевқа (Жамбыл ауданы) бұйырды.

Ұлттық ойын түріне жататын «арқан тартудан» басым түскен Талғар ауданының жамағаты 1-орынды иеленсе, 2-орынға Еңбекшіқазақ ауданының, ал 3-орынға имамдар ұжымы табан тіреді.

Жүлделі орындарға ие болғандарды ұйымдастырушылар арнайы дипломдармен жəне бағалы сыйлықтармен марапаттады. Өзге командаларға сайысқа белсене қатысып, жақсы ойын көрсеткендері үшін алғыс хат табыстады.

Міне, осылайша сайдың тасындай сайыскерлер дүбірлі додада күш сынасып, жоғары дайындықтарымен қатар ұтымды ұйымшылдықтарын, ынтымақ-бірліктерін көрсете білді. Игілікті іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, сайыскерлер қатары арта түседі деген сенімдеміз.

Райхан АЗИМОВА,

«Талғар».