ҚР Президентінің Бес әлеуметтік бастамасының орындалуын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, сенатор Бақытжан Жұмағұлов «7-20-25» бағдарламасы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«7 банкпен келісім жасалып, сомасы 2,2 млрд теңге болатын ипотека заемдары берілді. «7-20-25» бағдарламасы басталғалы бері бір ай өтті. Екінші деңгейлі банктер республика бойынша 640 өтінішті мақұлдап үлгерді», — дейді сенатор.
Б. Жұмағұловтың айтуынша, Павлодар облысында 28 мың адам баспанаға зәру болып отырғанмен, әлі ешкім өтініш тастамаған.
«Меніңше, мұның себебі осы бағдарлама туралы дұрыс түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендігінде жатыр. Барлығын жергілікті атқару органдарына ысырып қоя бермеу керек. Бұл жерде Ұлттық банк пен «Баспана» ипотека ұйымы адамдарға «7-20-25» бағдарламасын дұрыс түсіндіріп жатқан жоқ деп ойлаймын. Өйткені жергілікті тұрғындардан сұрағанда «Біз ондай бағдарлама туралы білмейміз» деген жауаптар алдық», — дейді ол.
Талғар-ақпарат