Тағы да Абай ауылында: 16 жастағы жасөспірімді зорлап, видеоға түсірген

Тағы да Абай ауылында: 16 жастағы жасөспірімді зорлап, видеоға түсірген

Түркістан облысының Абай ауылында тұратын жиырма екі жастағы жігіт екі ер адамның үш жыл бойы өзін қалай зорлағанын айтып берді деп жазады Sputniknews.kz.

Ауыл тұрғыны алты жыл бұрын болған сұмдықты ашынғаннан БАҚ-қа баяндап беруге шешім қабылдапты. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарына бірнеше жыл бойы жазылған арыздар нәтиже бермеген, ал жас жігіттің арын таптағандар әлі күнге бостандықта жүр.

Тілшімен кездесуге Е. үлкен қара пакетпен келді. Оған жергілікті, облыстық және республикалық құқық қорғау органдарына жіберілген арыздардың көшірмелерін, медициналық сараптама нәтижелері мен «айғақ жеткіліксіз» деген көңіл көншітпейтін жауаптардың бірін қалдырмай салып алған екен.

Абай ауылында алты жыл бұрын болған зорлық

Ол кезде 16 жаста болған мектеп оқушысының өміріндегі сұмдық 2012 жылы наурыз айының соңында басталған. Кешкі уақыттардың бірінде Е.-нің үйіне ата-анасының достарының қызы А. келеді.

Жасөспірім қызбен бала күнінен жақсы таныс болған. Ол жігіттің ата-анасынан рұқсат сұрап, оны ауылда таяуда ашылған дәмханаға шақырған. Біраз уақыттан кейін оларға полицей формасын киген белгісіз жігіт қосылады. А. ер адаммен жылы амандасып, өздерінің үстеліне шақырады. Белгісіз адам 1988 жылы туған С. болып шыққан. Ер адам алкогольге тапсырыс береді, содан кейін А. жасөспірімді сыртқа шақырып, ішімдікті қысылмай, қалағанынша ішуге болатынын айтады. Қыз оған үйіне дейін жеткізіп салып, ата-анасына барлығын түсіндіруге уәде берген.

«Далада суық шөпте жатқан жерімнен ояндым, үстімде киім болған жоқ, менен қан кетіп жатты. Жақын жерде тұрған көлікте С. телефонына қарап, мәз болып отыр екен. Мен дел-сал күйде едім, не болып жатқанын түсінбедім. Таңғы бесте ол мені үйіме әкеліп, «Менен қоңырау күт» деді. Үйде белден төмен тұсым қатты ауырып жатқанын сездім, қан тоқтаған жоқ, ағып жатты. Қорыққаннан душқа жүгіріп барып, киімдерімді лақтырып тастадым», – деп алты жыл бұрынғы оқиғаны есіне алған Е.-нің көзіне жас тығылды.

Осыдан кейін жігіт не болғанын білу үшін отбасының досымен хабарласқан, алайда ұялғаннан оған болған оқиға жайлы айтпауды ұйғарып, әңгімені дереу тоқтатқан. Бір-екі күннен кейін жасөспірімге С. қоңырау шалып, өз көлігінде кездесу белгілейді.

«Әңгіме барысында ол «саған не істегенімді білесің бе?» деп сұрады. Мен жоқ деп жауап бердім. Ол мені зорлап, оны видеоға түсіріп алғанын айтты. Кейін бұл видео интернетке жарияланып, ол жайлы отбасың білмесін десең, менің айтқанымды істейсің деп қорқытты. Ақырында: «Қоңырау күт» деді де, кетіп қалды», – деп жалғастырды Е.

Видеоны таратпау үшін ақша және алтын бопсалаған

Тағы біраз уақыттан кейін С. біздің кейіпкерге қоңырау шалып, ақша бопсалаған. Бұл кезде Е.тоғызыншы сыныпты бітіріп, Алматы колледжіне оқуға түскен.

«Ол видеоны YouTube-ке жүктеймін деп қорқытып, үнемі ақша бопсалап жүрді. Оған ақша беру үшін оқумен қатар жұмысқа орналастым. Ақшадан бөлек, алтын сатып әкелуді талап етті. Тағы біраз уақыттан кейін бопсалауға барлығынан хабардар оның әйелі қосылды. Ол да менен алтын талап етті», – деп еске алды Е.басынан өткен оқиғаны.

Ол ақша бопсалағанымен қоймай, жас жігітті зорлауын жалғастырған. Көбінесе оны өз көлігінде мас күйінде жасаған. Бір күні С. зорлық-зомбылықты тоқтатуды өтінген жігітті соққыға жығып, күрек тістерін сындырады. Осы жағдайға ортақ таныстары А.-ның да қатысы бар екенін жігіт кездейсоқ біліп қалады, олардың әңгімесінен қыздың С.-ға: «Оны аяма» дегенін өз құлағымен естиді.

Уақыт өте келе, Е.-нің отбасында той болады – ағасы үйленеді. Бопсалаушы мұны естіп, көлік сатып алуға жарты миллион теңге талап еткен. С. егер осы ақшаны тауып берсең, видео жүктелген флешкартаны беріп, бұдан былай мазаламаймын деп уәде береді

«Бір жағынан қуандым, екінші жағыннан осыншама ақшаны қайдан алатынымды білмедім. Ақыр соңында ағамның тойына түскен ақшаны алуға шешім қабылдадым. Қажетті соманы алып, мәмілемізді аяқтау үшін С.-ға қоңырау шалдым. Ол ақшаны алып, кешке видео жүктелген флешканы әкеліп беремін деді. Алайда кешке қоңырау шалған жоқ, телефоны өшірулі болды. Бірнеше күннен кейін Алматыдағы оқуыма оралып, бәрі артта қалды деп үміттендім, алайда біраз уақыттан кейін С.бопсалауды қайта бастады», – деп күрсінді Е.

Қомақты ақша жоғалғаннан кейін зардап шегушінің ата-анасы не болып жүргенін сұрайды, алайда жігіт бірнеше айға созылған сұмдықты айтпауға шешім қабылдаған. Қарызын құтылу үшін жас жігіт көрші ауылда жұмысқа орналасады.

Екінші зорлықшы

Тағы бірнеше айдан кейін жігіттің телефонына белгісіз нөмірден кездесейік деген хабарлама келе бастайды. Кештердің бірінде оны белгісіз ер адам күтіп алып, күштеп көлікке отырғызып, елсіз жерге алып келеді.

«Көлікте ол маған: «Сен «көгілдір» екенсің ғой». Сен жайлы С.айтып берді, мен видеоны көрдім. Енді сен маған жұмыс істейсің» деді. Содан кейін ол да зорлады», – деп жалғастырды Е.көзінің жасын тыя алмай.

Белгісіз адам 1979 жылы туған ауылдасы О. болып шықты. Келесі күні ол қоңырау шалып, 120 мың теңге талап еткен. Ақшаны беру кезінде Е.-ні 14 жас үлкен ер адам тағы да зорлайды.

«Қандай адамға айналдым деген ой маза бермеді? Жанымды қоярға жер таппай, отбасыммен де бірге тұра алмадым. Сөйтіп, жақындарыма айтпастан, Шымкентке қашып кеттім. Үш күннен соң туыстарым тауып алып, үйге алып келді. Ата-анам ұрысып, ұрып-соққан жоқ, не болып жатқанын түсіндіруімді сұрады. Бұл ойдан одан бетер жаным күйзелді», – деп еске алады Абай тұрғыны.

Өз-өзіне қол салмақ болды

Басынан кешкен жайттардың кесірінен жас жігіттің жүйкесі сыр береді. Бір түні ол жантүршігерлік қадамға бел буады. Үй ішіндегілердің түгел ұйықтап қалуын күтіп, аулаға шығады да, өз-өзіне қол салмақ болады. Бозбаланы өлімнен әжесі құтқарып қалыпты. Келесі күні ол бар жайтты ата-анасына айтып береді.

«Бәріміз бірге көп жыладық. Оқиғаны естіп ата-анам қатты қиналды. Әкемнің де, анамның да денсаулығына зиянын тигізді. Одан кейін өзім де ауруханаға жаттым. Мені шығарған түні О. хабарласты, анам әңгімемізді диктофонға жазып алды. Бұл жазбада ол жасаған ісін айтып берген», – деп Е. сол оқиғаларды еске алады.

Зорлықшылардың бірінің сөзін диктофонға жазып алған соң, жәбірленушінің отбасы Шымкент полициясына арыз береді. Одан бері үш жылдан астам уақыт өтті, Абай ауылындағы бозбала ісімен алты тергеуші айналысқан, алайда еш нәтиже шықпады. Құқық қорғау органдары айғақ жеткіліксіз дегенді алға тартады.

Зорланған жігіттің айтуынша, азғындардың бірінің беделді туысы бар, ол ауылға келіп жергілікті билікке «қысым» жасап кеткен.

«Көпшілік неге осы уақыттан бері үндемей келіп, енді айтып отыр деп ойлайтын шығар. Ол кезде 16-да едім, ештеңе білмейтін жасөспірім болатынмын. Жақсы отбасыдан шыққанмын. Ата-анам мені жақсы көреді, бұлай боларын ешқашан ойламаппын. Ол кезде біреу біліп қояр деп қатты уайымдайтынмын. Ал қазір есейдім, өз өмірім үшін күресіп, кінәлілердің жазасын беруім керек екенін түсіндім», – дейді жігіт зор үмітпен.

Қылмыстық істі тергеу: зорлау немесе өкілеттігін асыра пайдалану

Түркістан облысындағы ауыл жігітінің құқығын қорғау үшін отбасы екі адвокат жалдаған, алайда құқық қорғау жүйесінің алынбас қамалына тап болып, қорғаушылар істен бас тартыпты. Тергеу кезінде жәбірленуші мен зорлаған екі жігіт медициналық сараптамадан өтеді, үшеуінде де бірдей инфекция табылған, қолда бар басқа айғақтар: ұрып-соғу салдарынан сынған тістің суреті мен О. жасаған ісін мойындаған жазбасы. Бірақ, полицияның айтуынша, бұл айғақтар С. мен О. жауапкершілікке тартуға жеткіліксіз.

Кіреберіс, архивтегі фото

Алты жыл ішінде облыстық құқық қорғау органдарына, Бас прокуратураға, президент әкімшілігіне қаншама хат жазылғанымен, еш нәтижесі болмады.

«Әділдікке қол жеткізу үшін БАҚ-қа жүгінуге шешім қабылдадым. Менің жайымды естіп, көмектессе деймін», – деп жас жігіт өз шешімін тілшілерге түсіндірді.

Түркістан облысы ішкі істер департаментінің берген жауабына сүйенсек, іс бойынша 362-бапқа «Билікті немесе қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Биыл мамыр айының соңында қылмыс құрамының жоқтығына байланысты қылмыстық іс тоқтатылыпты.

«Бұл қаулы облыстық прокуратура қаулысымен күшін жойған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», — делінген облыстық полицияның түсініксіз жауабында.

Қылмыстық-процессуалдық кодекске сәйкес сотқа дейінгі тергеулердің деректері жарияланбайды, деп қорытты баспасөз қызметі.

Істің мән-жайын білу үшін редакция Қазақстанның Бас прокуратурасына да сұрау жолдады.

Абай ауылының «атағы» шықты

Абай ауылы 2018 жылдың басынан бері жаман атаққа ие болды. Ол кезде жергілікті тұрғын әйел жеті жасар немересін жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлады деп мәлімдеген. Қазір сараптама жүргізіліп жатыр, баланың ісіне шетелдік мамандар мен Қазақстанның балалар омбудсмені де араласты. Бірінші сынып оқушысына қатысты президент Нұрсұлтан Назарбаев та сөз қозғаған.

Талғар-ақпарат