Денис Теннің өліміне қатысты күдіктілер бойынша нақты дәлелдер бар. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов Денис Тен өліміне қатысты тергеу туралы брифингте айтты, деп хабарлайды ТалғарАқпарат ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгінде БАҚ-тың және қоғамның назары Алматыда орын алған резонанстық қылмысқа аударылып отыр. Бұл қылмысты жасағандар анықталып, ұсталды. Қылмыстық істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүріп жатыр. Сонымен қатар, тиісті сараптамалар да жасалуда», — деп тоқталды министрдің орынбасары. Бұдан бөлек ол әлеуметтік желілерде тарап жатқан пікірлерге де тоқталып өтті. «Біз әлеуметтік желілердегі пікірлер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы мақалаларды оқыдық. Атап айтқанда, полиция бірінші кездескен адамдарды ұстап алды деген қауесет шындыққа жанаспайды. Аталған қылмысты жасаған нақты адамдар анықталды. Осы орайда, олардың бұл қылмысқа қатыстылығы бойынша бұлтартпайтын дәлелдер бар», — деді Рашид Жақыпов.
Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.
2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті — 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.
Сондай-ақ, Денис Теннің өліміне күдікті Нұралы Қиясов күзетпен Алмалы аудандық сотына жеткізілген. Ал Денис Теннің өлімі бойынша күдікті екінші адам Арман Құдайбергенов ұсталды.
Талғар-ақпарат