Тиіннің мүсініне кеткен 15 миллионды қайда жұмсауға болар еді?

Тиіннің мүсініне кеткен 15 миллионды қайда жұмсауға болар еді?

Алматының қақ ортасында, дәлірек айтсақ, «Атакент» орталығының алдында биіктігі 12 метр тиіннің мүсіні орнатылды. Оған 23 миллион теңге жұмсалған. Оның 15 миллионы мемлекет бюджетінен бөлінген. Қазақстан азаматтары бұл қаржыны халық үшін әлдеқайда пайдалы дүниеге жұмсауға болатынын айтып, наразылық білдіріп жатыр. Экономистердің айтуынша, 15 миллион елдің кем-кетігін толтыруға жетіңкіремейді, десе де кейбір мәселелерді шешуге септігін тигізер еді, деп жазады ТалғарАқпарат Qamshy.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов: «15 миллион педофилия, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық секілді қылмыстардың алдын алар еді», — дейді.

-15 миллионды, тиіннің мүсінін орнатудан бөлек, өзге де көптеген маңызды нәрселерге жұмсауға болар еді. Жамайтын жыртығымыз баршылық. Мәселен, халықтың қауіпсіздігі. Қазір елде ұрлық, зорлық, педофилия мәселесі өршіп тұрғандықтан, көшелер мен ғимараттардағы бейнекамералардың санын арттыру керек. Оны элиталы аудандарға емес, қылмыс көп болатын, көпбалалы отбасылар тұратын аудандарға орнату керек, — дейді экономист.

Қазіргі нарық заманында 15 миллион аз да емес, көп те емес. Бұл қаражатқа жаңа аурухана салу мүмкін болмаса да, Алматы шетіндегі, ауыл көшелеріндегі жолды жөндеуге болар еді. Қала көшелері жыл сайын жөндеуден өтсе де, қала шеті назардан тыс қалып жатады. Ауыл көшелерінде жазда шаңға оранып, жаңбырлы күні аяғыңды балшықтан алып жүре алмайсың. Бұл — бір.

Екіншіден, қазір ауыр дертке шалдыққан, алайда оның еміне қаржы таба алмай шарқ ұрып жүргендер көп. 15 миллион мемлекеттің басты байлығы – адам өмірін сақтап қалуға көмектесер еді.

Үшіншіден, 15 миллион жаңа аурухана салуға жетпесе де, аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге жетеді. Мәселен, менингит ауруы өршіп тұрғанда жұрттың жағасын ұстатқан Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар емханасын бір жаңартып алуға болар еді.

Төртіншіден, 15 миллион теңге көпбалалы, жалғызбасты аналарға Алматыдан көлемі 56 шаршы метр екі бөлмелі пәтер алып беруге жетеді.

Талғар-ақпарат