Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астанаға 20 жыл толып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт болса да, бірақ мынау өзгерістер өлшемі көз ілеспес жылдамдықпен жарысқан бүгінгі кезең үшін аз уақыт та емес сияқты.
Қалай болғанда да, осы уақыт өлшемінің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қаласы қалыптасты. Айналасы 20 жылдың ішінде ел кіндігі – Арқа төсінде осындай заманауи мегаполис бой көтереді деп ойламаған едік. Құдіретті уақыт Мемлекет басшысының бастамасымен нақты өмір ақиқаты екендігін дәлелдеді.
Содан бергі өткен 20 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес болып табылады. Дәл қазір Астанада заманауи құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа құрылыс кластері қалыптасты. Бас қала¬мыздың көркін арттырған сәулет өнерінің озық үлгілері салтанат құрды. «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр» XXI ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылады. Бұл архитектуралық сәулеттерге «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» аркасы қосылды. 91 метрлік зәулім тұғырдың ұшар басынан заңғар аспанға ұмтылған самұрық құс азаттық аңсаған әрбір қазақ баласының жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатты.
Оған елордамызда ЕҚЫҰ саммиті, VII Қысқы Азия ойындары, ИКҰ форумы, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, ЭКСПО-2017 көрмесі өткізілгені толық дәлел бола алады. Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек Астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуы, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады.
Иә, расында да барлығымыз оның куәсіміз. Астана – Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры. Еліміздің елордасы Ақмолаға қоныс аударғаннан бергі өткен 20 жыл мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, территориясының мызғымастай беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезең болып табылады. 20 жыл ішінде Астана Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды. Болашақта да елдіктің ерен елордасы – Астанада ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла беретініне сенімім мол.
Туған күніңмен асқақтаған АСТАНАМ! Мен Астанаммен мақтанамын!
Айтжамал Нұрбатырова ,
аудандық мәслихат депутаты