100 жылдық тарихы бар қос басылымның мерейтойына орай, Талдықорғанда «Ғасыр-ғұмыр» шарасы өтті. Оған Алматы облысының әкімі Баталов Амандық Ғаббасұлы, құрметті қонақтар, ардагерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Шарада журналистерді республикалық және облыстық денгейде алғыс хаттармен, төс белгілермен марапаттады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Шараның салтанатты ашылуын «Жастар» саябағында Баталов Амандық Ғаббасұлының құттықтау сөзімен басталды.
— Бүгінгі газеттердің 100 жылдығына арналған салтанатты кеш журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында аталып, қос қуаныш қатар келіп отыр. Сондықтан барша журналистерді төл мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін! Осы ғасырлық мерейтоймен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Қаламдарыңыз қарымды, еңбектеріңіз жемісті болсын!,- деді ол.
Одан кейін облыс әкімі 6 газет тілшісіне пәтер кілттерін тапсырды. Олар, «Жетісу» газетінің тілшілері Қажеке Аслан, Асыл Сұлтанғазы, Мәулен Әнербай және де «Огни Алатау» газетінің тілшілері Атибаева Джамиля, Демидова Татьяна, Ярополов Андрей. Жаңа пәтер иелері қуанышын жасыра алмады.
«Бүгінгі күн біз үшін қос мереке, біріншіден журналистер күні, екіншіден, «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің ғасырлық мерейтойы. Сонымен қатар, бұл күн біз үшін көптен күткен пәтерді алу күні болды. Мен тоғыз жылдан бері баспана бойынша кезекте тұрдым, енді менің өз баспанам бар, бәріне де рахмет!», — дейді Татьяна Демидова.
Кеш соңында «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін де қос басылымға тоқталып өтті.
— Жетісу өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Жетісу» мен «Огни Алатау» басылымдары зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты. Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтеріп келеді. Қазіргі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген Қазақ елінің іргелі өңірі Алматы облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді, — деп қосты ол.
Айта кетейік, салтанатты шарадан бұрын ардагер-журналистер екі газеттің қазіргі редакциясымен танысып қайтты. Осы шараға арнайы газеттердің өркендеу жолында елеулі үлес қосқан барлық бұрынғы газет қызметкерлері шақырылды. Шара мерекелік концерт және кешкі аспен жалғасты.
Талғар-ақпарат