Жуырда Талғар аудандық кітапханасы мен Талғар ауданының Жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен Астана қаласының 20-жылдық мерейтойына арналған «Сарыарқаның маржаны – Астана» атты танымдық сағат өткен болатын. Бұл игі шараның мақсаты жастарға еліміздің бас қаласы – Астана туралы мәлімет беріп, Астана туралы деректермен білімін дамыту, жастардың ой — өрісін, шығармашылық қабілеттерін, тіл байлықтарын дамыта отырып, Қазақстан Республикасының орталығы Астана қаласын мақтан тұта білуге, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға, елжанды азамат болуға баулу болды.
-Ия,Сарыарқа талайды көрді, талайға төзді. Бағзы бабаларымыздың ақ найзаларын аспанға атқан айбырлы жеңістерінің куәгері болды. Енді міне, екі ғасыр тоғысқанда жаңа мыңжылдықтың табалдырығында өшкен жанып, өлген тіріліп, кеткен есе түгенделіп, ту желбіреп, жоғалған елдік оралып, құлаған орда қайта бой көтерді. Қалай десекте Астана қазақтың бас қаласы болып, өскелең ұрпақтың жарқыраған жұлдыздай келешегіне өз үлесін қосары сөзсіз. Қала сұлулығы қай адам баласын болсын тамсандыратынына күмәнім жоқ. Өйткені, кең жазира далада көсіліп жатқан кемел сұлулығымен, күміс көлдерімен Есіл, Нұра секілді қыз бұрымындай тарқатылған өзендерімен өзіне тартады. Сондықтан болар Астана мен үшін әрқашан салтанаттың қаласы, тасы өрге домалап тұрған жастардың мекені болып елестейді,- деп сөзін бастаған танымдық сағаттың жүргізушісі кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ризвангул Токарзаева қазіргі таңдағы әсем қаланың келбетіне тоқталып өтті. Шаңырағы биікке көтеріліп, уығы нық қадалып, керегесі келісті жайылған бас Елордамызды өткен жылы «ЭКСПО-2017» дүние жүзілік көрмесінде көзбен көргенін, бүгінгі Астананың келбетімен, өткен ғасырдағы Астананың келбетін салыстыра отырып жеткен жетістіктерімен, көркейген келбеті жайлы Талғар жастарына толықтай түсіндіріп өтті. Сонымен қатар іс-шараға келген жастарды «Сарыарқаның маржаны – Астана» атты кітап көрмесімен таныстырды. Өз кезегінде Талғар жастары көкейлеріндегі Астана туралы көркем ойларымен бөлісті. Аудандық Жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Дінмұхамед Есім Астананың мерейлі тойына арнап ақиық ақын М.Мақатаевтың «Пай-пай, өмір» атты өлеңін мәнеріне келтіре оқып берді. Бұл күнгі игі шарадан жастар зор әсер алып тарқасты.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».