Биыл күллі Қазақстан елорданың жиырма жылдығын бар сән-салтанатымен атап өтпек. Атаулы мерекені лайықты деңгейде мерекелеуден талғарлықтар да қалыс қалып жатқан жоқ. Жуырда Астананың 20 жылдығына орай Алматы аймақтық туберкулез диспансерінде мерекелік шара өтті. Елордамыздың мерейтойына арналған мерекелік шараға аудандық «Нұр Отан» париясы Талғар аудандық филиалының өкілі С.Үскібаева, Алматы аймақтық туберкулез диспансері директорының орынбасары Қарлығаш Молдабекова, кәсіподақ төрағасы Сұлтан Теміралиев, мекеме қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Астана күні — елдігімізді ұлықтайтын ерекше күн. Шара барысында дәрігер-фтизиатр Жанар Бүйінбаева «Еңселі елорда, асқақтаған Астана» атты баяндама жасап Елордамыз Астананың айшықты жерлеріне слайд арқылы саяхат жасатты. Жиында құттықтау сөз сөйлеген «Нұр Отан» париясы Талғар аудандық филиалының өкілі С.Үскібаева:
— Баршаңызды Тәуелсіз қазақстанның бас қаласы Астананың 20 жылдық мерекесімен құттықтаймын! Бүгінгі таңда елдің төрі – Елордамыз барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік мекеніне айналды. Астана ТМД бойынша ең қолайлы, ғажайып қала ретінде танылды.
Аталмыш мереке күндерін талғарлықтар да лайықты табыстармен қарсы алып, мереке мәртебесін асқақтата түсуде. Ендігі жерде еңселі Елордамыз ұлан-ғайыр атырабын жер-жаһанға паш етіп, өркениет көшінен оза шауып алда жүруін тілейміз. Туымыз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын! Азат аспанында алтын қыран қалықтаған еліміздің болашағы баянды болғай, — деп жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдірді. Астана — халқымыз үшін тәуелсіздікпен өсіп –өркендеудің алтын тұғыры. Астана күні – жалпы ұлттық сипатқа ие, елдігімізді ұлықтайтын ұлы мереке. Мемлекеттік мерекелердің бірегейі – Астана күніне орай Алматы аймақтық туберкулез диспансерінде өткен шара қалың қауымға жағымды әсер қалдырды.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА,
«Талғар».