Алматы облысында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа талаптары туралы Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова баяндады, — деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Облыс бойынша 2018 жылы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті ендіруге 32 594 отбасын қамту үшін 2,8 млрд. теңге бөлінді.

Осы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті әрбір елді мекенде сүймелдеу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмыскерлері ретінде 110 ассистент пен 22 консультант жұмыс жасауда.

«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қолданысқа енуі әлеуметтік көмекке шын зәру отбасыларының құрамындағы еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтуға, отбасының жанбасына шаққандағы табыстарын арттыруға, тұрмыстық жағдайларын жақсартуға және масылдықты жоюға ықпал етеді», — дейді З.Ілімжанова.

Жыл соңына дейін АӘК алушылардың ішіндегі еңбекке қабілетті 8278 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту жоспарланып отыр.

Ағымдағы жылы еңбекке қабілетті 2063 азаматтар жұмыспен қамтылады. Олардың ішінде тұрақты жұмыс орнымен  1053 адам, қоғамдық жұмыс орнымен 541 адам, әлеуметтік жұмысқа 116 адам, қайта даярлауға 337 адам, жастар практикасына 7 адам және азаматтар мен оралмандардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесу  үшін 9 адам жіберілді.

Жеке істерін және қосалқы шаруашылықтарын дамыту үшін 19 отбасы біржолғы әлеуметтік көмек алды.

Сонымен қатар, жиында АӘК-ті насихаттау мақсатында облыс көлемінде мобильді топ құрылып, іс-шаралар жоспарының бекітілгені туралы айтылды.

Талғар-ақпарат