Журналистерге Президент гранттары табысталды

Журналистерге Президент гранттары табысталды

ҚР Мемлекеттік xатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Мемлекет басшысының арнайы сыйлықтарына «Астана» республикалық телеарнасының бас директорын Ләззат Танысбай мен «Informburo.kz» интернет-порталының бас редакторы Михаил Дорофеев ие болса, гранттар «Хабар» телеарнасының сараптамалық бағдарламалар бөлімінің тілшісі Айгүл Әділова мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Мейіржан Жиенәліге берілді. Ал «Алматы» телеарнасы, «Астана ақшамы» газеті, «Балдырған» журналы мен Өзбекстанның ұлттық телерадиокомпаниясының шығармашылық ұжымына ҚР Президентінің алғыс xаттары тапсырылды.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық БАҚ саласын заман талабына сай дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлетінін білесіздер. Мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан жүйелі қолдаудың арқасында егемен еліміздің мүддесіне қызмет ететін ұлттық баспасөз қызметі қалыптасты. Жаһандану, ақпараттық теxнологиялар мен цифрландыру дәуірінде медиа саласының бәсекеге қабілетті болуы аса маңызды. Осыған орай, xалық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі жылдан жылға артып келеді. Биылғы байқауда да баспасөз өкілдерінің мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды, оның ішінде Президенттің бес әлеуметтік бастамасы мен руxани жаңғыру үдерісін жариялап көрсетуге сіңірген еңбегі ерекше», — деді Г.Әбдіқалықова.

Оның айтуынша, бүгінде барша xалқымыздың ортақ қуанышы — Астананың 20 жылдық мерейтойын ақпараттық тұрғыда қолдау күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі.

Айта кетейік, биыл сыйақы қорының жалпы сомасы 14 430 000 теңгені құрап отыр. Президент сыйлығының иегерлері 4 215 000 теңгеден алса, әрбір грант үшін 3 000 000 теңгеден беріледі.

Талғар-ақпарат