Арманы биік – қос бүлдіршін

Арманы биік – қос бүлдіршін

Шығыстың ой білгірлерінің бірі Жүсіп Баласағұн бала тәрбиесі туралы жазған ғибратқа толы өлең жолдарында: «Ұл-қызыңа үйрет білген білімді, Қолына ұстат кеудеңдегі күніңді, Сонда ұл-қызың адамдықтан таймайды, Көңілі таза, көзі шоқтай жайнайды…» – деп кімге де болса үлкен ой салатын пікір жазып қалдырыпты.

Қаладағы №3 орта мектептің 3-сыныбында оқитын Əл-Фараби Нұрланұлы мен Нұрəли Нұркелді əлі шынашақтай балдырған болса да спортқа ден қойған. Əл-Фарабидің анасы Əсел де, Нұрəлидің анасы Жаңыл да балаларының спортпен айналысуын құп көрді. Өйткені, күні бойы компютердің алдында тапжылмай отыратын баланың əлжуаз, еңбекке енжар қарайтын жалқау болатынын байқайтын. Апалы-сіңлілі Жаңыл мен Əсел де əңгіме барысында: «Біз бір жанұядағы үйелмелісүйелмелі алты қыз едік. Əкеміз Қуаныш бізді жас кезімізден спортқа баулыды. Мектеп қабырғасында баскетбол ойнап,
ұлдармен футбол теуіп, кейде спорт алаңында алқын-жұлқын күресіп те алатынбыз. Өсе келе дзюдо мен шығыс жекпе-жегімен де айналысатынымыз бар. Байқағанымыз, спортқа үйір баланың ерік-жігері мықты, өзінше əрекет етуге батыл болады екен» – дейді Жаңыл, Əсел Қаражановалар. Өткен жылдың күзінен бері боксқа барып жүрген ƏлФараби Нұрланұлы мен қаладағы «Жеңімпаз» спорт кешеніндегі футбол жаттықтырушысы Игорь Калининнен тəлім алып жүрген Нұрəли Нұргелді де көп нəрсені үйреніп қалды. «Өскенде атам Қуаныш Қаражанов секілді спортшы боламыз» — дейді екі бүлдіршін. Армандарыңа жете беріңдер, талаптарың оң болсын! – дейміз біз де.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».