Ресми статистикалық мәлімет бойынша Талғар ауданында 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 49396 адамды құрайды. Армандары асқақ, жұмыстары жемісті жастардың мақсат-мүддесі бір арнаға тоғысқан – тәуелсіздікті тұрақты, егемендікті баянды ету. Сол жолда атқарып жатқан жұмыстары көңіл сүйсінтеді. Оған аудан әкімдігінің жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысында көз жеткіздік. Аудан әкімі Рыскелді Сатбаев төрағалық еткен жиында алдымен жастар саясатының орындалу барысы мен аяқ алысы сөз болды. Қала әкімінің орынбасары Бақыт Күрішбековтың баяндамасынан толымды істердің атқарылғанын аңғардық. Ең бастысы, жастардың бойына патриоттық рухты сіңіретін шаралардың артқанын және жұмыссыздық деңгейінің азайғанын аңғардық. Ал, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Нұрланқызының баяндамасы көп жайтқа қанықтырды. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы мен «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясындағы жұмыстардың жүйелі екендігін дәйектер мен сандар дәлелдеп берді.
Өткенге талдау жасай кеткен баяндамашының айтуынша жыл басынан бері Талғар қаласы мен оған қарасты ауылдардағы жастардың бос уақытын қамту, олардың жобаларын жүзеге асыру бағытында біраз жұмыстар жасалған. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, осы жылдың алты ай қорытындысы бойынша жұмысшы жастарды қолдау мақсатында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы аясында қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына 111 адам жіберілген. Жоғары оқу орнының және колледждің 53 түлектері жастар практикасына, 25 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналыстырылқан. Аудан бойынша қоғамдық жұмыстарға 77 адам қатысты. «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі бойынша 135 адам еңбек етіп жатыр. Мемлекеттік жастар бағдарламасының өз деңгейінде орындалуы да баяндамашы тарапынан тарқатылып айтылды. Әсіресе, аылдық жерлердегі жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша «Жастар жолы» атты уникалды жобаның берері мол екен. Жоба барысында Нұра ауылдық Мәдениет үйінің материалдық – техникалық базасын жаңарту және бос бөлмесін жаттығу залы ретінде ретінде жабдықтауға облыс бюджетінен 7,7 млн теңге қаражат бөлініп, 2018 жылдың қазан айында іске асырылады деп күтілуде. Бұдан өзге де толайым цифрлар жастар ісінің жетістікігін паш етіп, алдағы жоспарларын айқындап берді. Сондай-ақ, баяндамашы тарапынан жұмыс жандану үшін арнайы жастар орталығы ашылса және жастарды жас екен деп түрлі салаға жеге бермей, тек өздеріне тиесілі жұмыстардың бас-қасында жүрсе деген ұсыныстар айтылды. Аудан басшысы бұл сұрақтарды қаперіне алатынын әрі тиісті сала өкілдеріне тапсыратынын айтты.
Гүлдала ауылдық округі әкімінің м.у.а. Меруерт Мұхтарбекқызы, Нұра ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Гүлназ Кеңесбаевалардың сөздерінен аыл ішінде атқарылған жанды тірліктерді бағамдадық. Талғар аудандық Ішкі Істер басқармасының жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының /ЮПТ/ аға – учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Айгүл Бейсембаеваның баяндамасынан жасөспірімде арасындағы қылмыстың кемімей тұрғаны көңілге кірбің түсірді. Жазғы демалыс кезінде ата-ана өзіне деген жауапкершілігін арттырып, отбасындағы тәрбиенің қатаңдатса деген тілегін айта кетті баяндамашы. Осылайша өткенге талдау жасалып, жоспарлар нақтыланған кеңес соңында бала тәрбиесіне жауапты бірнеше маманға әкімнің «Алғыс хаты» табыс етілді. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы сәт сайын өзгеріп жатқан қоғамда тығырықтан шығудың жалғыз жолы білім екенін жеткізіп, жастарды жаңа идеялармен жұмыс жасауға шақырды.
М.Дүйсенғалиева
Талғар-ақпарат