«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бекітілді

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бекітілді

ҚР Ұлттық банкі «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бағдарлама аясында қатысушы банктерге қатысты өлшемшарттар айқындалатын болады. Қатысушы банктердің тізбесі олар «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-мен тиісті шарттар жасасқан соң Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ресми интернет-ресурсында жарияланады. Бағдарламаның талаптарына сәйкес қатысушы банктердің қарыздар беру және қызмет көрсету үшін қарыз алушылардан комиссия алуға құқығы жоқ»,- делінген Ұлттық банк таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар қатысушы банктердің қарыздарды беру рәсімдерінің басталғаны туралы ақпарат Қазақстан Ұлттық банкінің сайтында да орналастырылды. «7-20-25» бағдарламасын іске асыра бастаудың күтілетін мерзімі — ағымдағы жылдың екінші жартысы.

«7-20-25» бағдарламаның талаптарын түсіндіру үшін Қазақстан Ұлттық банкінің «ҚҰБ «Online» мобильдік қосымшасында 2018 жылғы 19 маусымнан бастап «7-20-25» жаңа бөлімі іске қосылды, онда осы бағдарламаға қатысты қызығушылық тудыратын сұрақтарға жедел жауап алуға болады.

Айта кетерлігі, бағдарлама Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 наурыздағы халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде айтылған бірінші әлеуметтік бастаманы іске асыру аясында әзірленді. Бағдарламаға Қазақстан Республикасының еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі жоқ кез келген азаматы қатыса алады.

Еліміздің кез келген өңірінде бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алу үшін мынадай құн шегінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігі қаралады: 25 млн теңге — Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында; 15 млн теңге — басқа өңірлерде.

Бағдарламаның операторы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің еншілес ұйымы «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ. Оператор облигацияларды шығару және орналастыру есебінен қаржыландырудың нарықтық тетіктерін пайдалана отырып Қазақстан қор биржасына (KASE) кемінде 1 трлн теңгені тартады және түскен қаражатты бағдарламаның талаптары бойынша қатысушы банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын сатып алуға бағыттайды.

Талғар-ақпарат