Банктер алдағы екі жылда мемлекеттен 3,5 трлн теңге алады

Банктер алдағы екі жылда мемлекеттен 3,5 трлн теңге алады

Банк секторының тұрақтылығын арттыру бағдарламасы, «7-20-25» және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облигациялық бағдарламасы шеңберіндегі жаңа қарыздарды қосқанда еліміздегі банктерге алдағы бір жарым-екі жылда 3,5 трлн теңге берілмек. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ТалғарАқпарат ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру шеңберінде Ұлттық банк экономиканы ұзақ мерзімді кредиттеуді қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ипотекалық несиелеуді дамыту арқылы тұрғын үйді қолжетімді ету бойынша жұмыс жасалуда», — дейді Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, банктердегі қор мерзімін ұзартатын құралдарды заңнамалық деңгейде енгізу жоспарланған. Мысалы — жинақ депозиттерін енгізу. Ұлттық банк төрағасының есептеуінше, бұл қадам банктерге барынша ұзақ және болжамды қорландыру мүмкіндігін береді.

«Ұзақ мерзімді несиелеуді дамыту мақсатында мынадай бірқатар шаралар да іске асырылады. 200 млрд теңгені — банктер «7-20-25» бағдарламасының шеңберінде таяу жылы алады. Банктер оны ипотекалық несиелеуге жұмсайды. Болашақта ол сома 1 трлн теңгеге жетеді. Бұл банктердің ипотекалық портфелінің ағымдағы көлемін 2 трлн теңгеге дейін екі есе көбейтуге мүмкіндік береді», — дейді ол.

Данияр Ақышевтің айтуынша, тағы 200 млрд теңгені банктер 5 жылға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатын банктердің облигацияларына инвестициялау бағдарламасы шеңберінде алады. Облигацияларды орналастыру нарық ойыншыларының міндетті тепе-тең қатысуын болжайды. Сондықтан банктер тарту сомасын екі есе арттырады.

«1,2 трлн теңгені — банк секторының тұрақтылығын арттыру бағдарламасына қатысушы банктер береді. Бүгінгі күні 865 млрд теңге қайта қаржыландырылды. Оның ішінде 170 млрд теңге сомаға жаңа несиелер берілді. 654 млрд теңгені — банк секторының тұрақтылығын арттыру бағдарламасы шеңберінде банктер 15 (он бес) жылға қарыз алды. Ол таяу уақытта несиелеуге жіберілуі мүмкін. 1 трлн теңгеге — Казкоммерцбанк Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алды. Бұл қаражатты банк кредиттеу үшін босатады», — дейді ол.

Тұтастай алғанда,  банк секторының тұрақтылығын арттыру бағдарламасы, «7-20-25» бағдарламасы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облигациялық бағдарламасы шеңберіндегі жаңа қарыздарды қосқанда, банктердегі ұзақ қордың жалпы сомасы алдағы бір жарым-екі жылда 3,5 трлн теңгеге ұлғаймақ.

«Бұл көрсеткіштер бір жағынан, ұзақ кредиттік ресурстарды жеткілікті ұсынуды қамтамасыз етеді. Екінші жағынан — экономикадағы инфляциялық қысымның күшеюіне әкелмейді», — деп түйді Данияр Ақышев.

Талғар-ақпарат