АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ПАРЫЗ» БАЙҚАУЫНА ӨТІНІМДЕР ҚАБЫЛДАНУДА
Талдықорғанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева, Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысының орынбасары Мұрат Мәдіғұлов пен «ТАТЭК» АҚ баспасөз хатшысы Нұржамал Әбеуова қатысты.
Мұрат Мәдіғұлов қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мен бизнес-құрылымның еліміздің дамуына қосқан үлесін, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін елімізде жария етуге бағытталған «Парыз» сыйлығына өтінім қабылдаудың басталғанын мәлімдеді. Жыл сайын байқауға 30-дан 50-ге дейін кәсіпкерлік субъектісі қатысады. Республикалық деңгейде әр жылдары байқаудың лауреаттары ретінде 2008 жылы — «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «Алматы қанты» ЖШС, 2009 жылы — «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «Нусипов и К» ЖШС, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша «JTI» компаниялар тобы, 2010 жылы — «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша «Томас» ЖШС, 2011 жылы — «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Әділ» ШҚ, 2012 жылы — «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «ТК Интеграл» ЖШС, 2013 жылы — «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «ТАТЭК» АҚ, 2016 жылы — «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «ТАТЭК» АҚ, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «ТК Метакон» ЖШС атанды.
«Өткен жылы Алматы облысының кәсіпорындары арасында «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында «Kagazy Recycling» ЖШС жеңімпаз атанды. Байқауға қатысу тегін және өтінімдер 1 шілдеге дейін қабылданады. Сонымен қатар, конкурсқа қатысушылардың өтінімдерін бағалау үшін сараптамалық жұмыс тобы құрылды», – деді Мұрат Мәдіғұлов.
Спикер ағымдағы жылдың 1 наурызында басталған «Еңбек шартын жасаңыздар!» республикалық акциясының іске асырылуы нәтижелерімен таныстырып өтті. Акцияның ұйымдастырушылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Кәсіподақтар федерациясы болып табылады.
«Сұрастыру кезінде 643 жұмыскер еңбек шартынсыз жұмысқа тартылғаны анықталып, бүгінде толық еңбек шарты жасалды. Облысымыздағы барлық жұмыс берушілерді және жұмысшыларды заң талаптарын сақтауға шақырамыз», – деп қорытындылады М.Мәдіғұлов.
Талғар-ақпарат