Талдықорғанда менингиттен қайтыс болған бала ораза ұстаған. Бұл жөнінде медициналық колледждің директоры Серік Жансеңгіров мəлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Колледж директорының айтуынша, қайтыс болған Расул Аслан-оглы Мəмедұлы есімді студент жұма күні мешітке барған. Менингококк жұқпасынан көз жұмған ол медициналық колледждің жатақханасында тұрған екен. Қазір Расулдың жанында болған студент те инфекциялық ауруханаға жатқызылған, дəрігерлердің бақылауында.
«Жалпы қайтыс болған студент ауруханаға жексенбі күні түскен. Ал дүйсенбі күні яғни, маусым айының 4-і күні көз жұмған. Қазір аталған оқу орнының жатақханасында 96 студент тұрады. Олардың барлығына тексеру жүргізілген», — деді колледж директоры.
Ал, жалпы, медициналық колледжде 1054 студент оқиды.
«Бірақ олардың барлығына тексеру жүргізілмейді. Жатақханада тұратын балалар ғана толықтай бақылауға алынады», — деді Серік Максимұлы.
Айта кету керек, қазір аталған оқу орнының барлық студенттері беттеріне арнайы медициналық маска киіп жүр.
Бұған дейін Алматыда 27 жастағы өрт сөндіруші Олжас Сүлейменовтың ауруы небәрі 12 сағаттың ішінде асқынып, кенеттен көз жұмған. Ол қабылдау бөліміне келгенде аузым берік деп, тағайындаған дәріні қабылдамаған. Сосын ауруханаға жатудан бас тартып, үйіне кеткен. Кешке дейіс су, дәрі, тамақ ішпей, жатып қалған. Біраз уақыттан соң барып ол ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген.
Мұның алдында Алматы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқаев науқастанған жағдайда ауыз ашуға шариғат рұқсат беретінін хабарлаған болатын.
Талғар-ақпарат