Оңтүстік Қазақстан облысында 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Әрқашан күн сөнбесін» атты іс-шарасы ұйымдастырылды. Мерекелік жиында балалар үйінде тәрбиленіп жатқан 350-ге жуық жеткіншекке сый-сияпат жасалды. Шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Елбасымыз өз сөзінде ұрпақ болашағына аса мән беріп, «Елімізде туған әрбір баланы мемлекет өз қамқорлығына алуға тиіс» деген болатын. Міне, осы бағытта облыста мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016-2017 жылдары 142 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға үй берілді. 2018 жылы 90 бала үйлі болады. Сондай-ақ, жыл сайын балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жоғарғы оқу орындарына облыс әкімінің білім гранттары бөлінуде. Мәселен, өткен жылы 95 грант бөлінсе, биыл 100 грант бөлінеді. Білімді болыңдар! Сендердің еліміздің беделді азаматы болатындарыңа кәміл сенемін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, аймақ басшысы түрлі байқауда топ жарып жүрген өнерлі балалар үйінің 10 оқушысын «Алғыс хатпен» марапаттады. Одан бөлек, жиынға қатысқан барлық балғынға түрлі ойыншық, кинотеатрға және 50 балаға Астана қаласына жасалатын 3 күндік экскурсияның билетін үлестірді.
Шара барысында балаларға арналған мерекелік дастархан жайылып, концерттік бағдарлама қойылды. Сонымен қатар, балалар Жайлаукөл демалыс аймағындағы аттракциондарда көңіл көтеріп, асфальтте сурет салу байқауына қатысты.
Айта кетейік, өңіріміздегі 3 млн халықтың 1 млн 240 мыңнан астамын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Облыста 2 648 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала болса, оның 2068-і қорғаншылық және қамқоршылыққа, 184-і патронаттық тәрбиеге өткен. 349 бала үйлерінде тәрбиеленуде.
Талғар-ақпарат