Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылады

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылады

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Ақтөбеде жаңа ескерткіш ашылады.

ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында қазақ халқы екі бірдей ашаршылық нәубетін, ұжымдастыру, тәркілеу және 37-нің қырғыны сынды зұлматтарды бастан өткерді. Ақтөбе қаласы аумағындағы сол оқиғалар құрбандары жерленген орын — Түйетөбеде қасіретті жылдардың ескерткіші ретінде белгітас орнатылған, деп хабарлайды ТалғарАқпарат aktobegazeti.kz-ке сілтеме жасап.

— Өткен жылы қала ішінде де қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнату жөнінде бастама көтерілді. Соған байланысты жарияланған конкурсқа 6 жоба түсті. Солардың арасынан іріктеліп алынған екі жоба Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілді. Мемлекеттік комиссия біздің жерлесіміз Ахмет Құбайдың жобасын орнатуға лайық деп тапты, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Басқарма басшысының айтуынша, жаңа ескерткіш бұрынғы облыстық филармония ғимаратының артында тұрған алаңға қойылады. Алаңның жалпы ауданы — 0,44 га. Ескерткіштің тұғыры — 1,1 метр, ал өзінің биіктігі 2,8 метр болады. Алаңға тек ескерткіш орнатылып қоймай, отырғыштар қойылып, жалпы, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Талғар-ақпарат