20 мың метр биіктік Астананың 20 жылдығына

20 мың метр биіктік Астананың 20 жылдығына

Жетісулықтар Астана қаласының 20 жылдығына орай, 20 мың метр биіктікті бағындырмақ.  Оны Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен Жетісу георграфиялық қауымдастығы ұйымдастыруда, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Шараның мақсаты –  облыстың таулы туризмін дамыта отырып, жастардың физикалық, техникалық дайындығын жетілдіру және жергілікті тарих пен этнографияны дамыту.

Шара ұйымдастырушылары өткен аптада бірінші болып, «Лабасы» тауына шығып, облыстың туын тігіп қайтты. 1500 биіктікті құрайтын тауға шағын бейнеролик түсіріліп, сол арқылы баспасөз-мәслихатына қатысушылардың ынтасын арттырды. Экспедицияға қатысушылардың айтуынша, екі айға жуық аралықта аптасына бір рет осылай тауға шығып тұрмақ.

«Елорданың туған күні қарсаңында  қауымдастық мүшелері Алматы облысының тауларына шығып, 20 мың метр биіктікті бағындыру жоспарымызда бар. Біз мұнда биіктігі 1500 м құрайтын «Лабасы» тауы, 2000 м «Текелі» шыңы, 4010 м «Абай» шыңы, 4068 м «Физкультурник», 4376 м «Нұрсұлтан», 4620 м құрайтын Азияның орталық бөлігіндегі аса ірі тау жүйесі және «Тянь-Шань» шыңдарын бағындыру басты мақсат», — дейді Жетісу географиялық қауымдастығының жетекшісі Демегенов Ануар. Сондай-ақ, қауымдастық жетекшісі елімізде тауға шығу спортын насихаттауға бағытталған бұл шараның маңызы зор деп есептейді.

Айта кету керек, экспедицияға шығамын  деушілер, өз қаражаттарының есебінен қатысуға мүмкіндігі бар. Яғни, ниет білдірген азаматтар азық-түлігін өздерімен бірге алып шығады. Ал, ұйымдастырушылар жол шығынын өздері көтереді. Осы туралы барлық  хабарландырулар әлеуметтік желілерде жарияланған.

Талғар-ақпарат