Кәсіподақтың құрметі Астанаға арналды

Кәсіподақтың құрметі Астанаға арналды

Талғар аудандық кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен өткен іс-шаралардың тізімі көз сүйсіндіреді. Жыл сайын маңызы зор мемлекеттік   даталардан бөлек кәсіби мерекелерді де атаусыз қалдырмайтын ұйым биыл да сол үрдісінен жаңылған жоқ.  Аталмыш ұйым жуырда аудандық агроөнеркәсіптік және мемлекеттік мекемелер арасында Астананың 20 жылдығына арналған ән байқауын ұйымдастырды. Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің әсем акт залында өткен додаға  алты мекемеден үміткерлерлер қатысып, бақ сынасты. Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін жарғылық тапсырмаларға сүйене отырып ұсынатын және қорғайтын қоғамдық ұйымның айтулы датаны ұлықтауы көңіл сүйсінтіп қана қоймай  құрмет-қошеметке де лайық болды. Шараны ашқан кәсіподақ ұйымының төрағасы Жарылқасын  Шакиев алдымен байқаудың мақсатына тоқталып, мән-мазмұнын ашып берді.

  • Жетінші рет өткізіліп жатқан байқау жыл сайын елеулі мерейтойлардың құрметіне арналып өткізіледі. Биыл міне елордамыздың 20 жылдығына арнап ұйымдастырдық. Ел ішінде өнерлі, талантты жандар көп. Солардың жолын ашу, халыққа таныту, бір-бірлерімен рухани-мәдени байланыс орнатуды көздегендіктен мұндай шараларды ұйымдастырудың маңызы зор деп ойлаймын, — деген төраға қатысушыларға сәттілік тіледі.  Шараның шымылдығын өткен жылғы байқау жеңімпазы, «Аяла» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының музыкалық жетекшісі Рая Әбдікәрімқызы ашып, көпшілікті тәнті қылған табиғи даусымен екі ән шырқап берді.

Жасы мен қызметіне шектеу қойылмаған үміткерлерге талап бойынша  патриоттық тақырыптағы екі ән орындау міндеттелген болатын. Байқауды сахна иесі, ТАжМК арнайы пән оқытушысы Жанар Садыкова «Қазақ елі» әнімен бастады. Кең диапазонды әнді  әуелете шырқап, нақышына келтіре орындаған өнерпазға халықтың қошеметі зор болды. С.Қоңырбаеваның сөзіне жазылған М.Түгелбаевтың «Елімнің жүрегі — Астана» әні А.Жорабаеваның бойтұмарына айналған ән еді. Жанардың екінші ән ретінде осы туындыны таңдауы бекер болмай шықты. Бас қаланың жарқырап, жайнауына тілекші болған ән жүрегінен шығып көрерменнің жүрегіне жол тапты десек қаталеспейміз. Әнді орындау шеберлігі алғашқы орындаушысынан кем түспеді.  Әр қатысушыны қалт жібермей бақылап отырған әділқазылар алқасы бірауыздан Жанар Садыкованы байқау жеңімпазы деп таныды. Ал екінші орынды өзара бөліскен политехникалық колледждің оқу-өндіріс шебері Наргиз Надырова мен «Ақниет» мүгедектер үйінің күзетшісі Ілияс Садубаев та өнерлері  өрге жүзген өнерпаздар болып шықты. Әсіресе, өзін және жеті атасын  өлеңмен таныстырып шыққан Ілиястың орындауындағы «Атамекен» әніне тыңдармандар орнынан тұрып қол шапалақтады. «Аяла» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиешісі Жанаргүл Жарылғапова, политехникалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытгүл Молдахметова, «Су құбыры» мекемесінің қызметкері Әсет Сакалыбовтар үшінші орынға ие болды.  Жүректеріндегі Отанға, елге, Астанаға деген сүйіспеншілік  сезімдерін ән арқылы сезіндіре білген қатысушылардың өнерлеріне шексіз риза болдық.

Қазылар алқасының төрағасы Ж.Шакиев та алғысын білдіріп, жеңімпаздарға арнайы диплом мен сый-сыяпат тапсырды.  Екі сағатқа жуық уақыт ішінде көз алдымызға Елорданың айшықты келбетін әнмен әрлеп, еліміздің жарқын өмірін жырмен көмкемдеп берген өнер сайысының бұдан кейін де жалғасын табатынына сеніп тарқастық.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

Талғар-ақпарат