Енді әрбір адам Жетісу жеріндегі музейлерді виртуалды түрде тамашалай алады. Оны компьютер немесе смартфон арқылы кез-келген уақытта тегін көре алады. Бұл туралы жоба авторы Толкунов Мейірхат баяндады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жоба «Жетісу 360 ̊» деп аталады. Оны Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жасаған. Сондай-ақ, бағдарлама облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асып отыр.
Виртуалды мұражайларды кез-келген уақытта сандық мультимедиа көмегімен экспонаттарды суретке түсіруге және ол туралы ақпаратты алуға болады. Ол үшін http://zhetysu360.kz/ сайтына кіріп, қалаған мұражайды таңдау арқылы 3 тілдегі ақпарат гидтің көмегімен беріледі.
«Бағдарлама толығымен тегін жұмыс істейді. Бейнелер 360 градуста бұрылса да сапасы төмендемейді. Аталмыш бағдарламаға кіре берісінде виртуалды гидтің сыпайы дауысы нысанды таныстырып, тарихына қысқаша тоқталып өтеді. Сонымен қатар, жол сілтеу арқылы келесі бөлмеден басқа бөлмеге өте аласын. Жоба 3D форматында жасалған. Оны VR көзілдірігімен де көруге болады», — дейді М.Толкунов.
Жаңа форматтағы жоба көтеріңкі көңіл- күй сыйлап, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.
Талғар-ақпарат