Үстіміздегі жылдың басында Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуін жариялаған болатын. Бастамада әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамалар қамтылған.
Жуырда аудандық «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жағымды жаңалықтарымен еліміздің өсіп-өркендеуіне негіз болатын маңызды құжат болып табылатын аталмыш Үндеу ауыл тұрғындары арасында насихатталды. Белбұлақ ауылдық бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездескен аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, ауданымыздың «Құрметті азаматы», инниовациялық білім беру орталығының директоры Найля Үмбетова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінің» өкілі Мақсат Тұрғанбек және «Ақжол» партиясынан сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Светлана Алмабековалар Елбасының бастамасын қарапайым жұртшылыққа тарқата жеткізіп, насихаттады. Елбасының ел әлеуетін көтеруге бағыттаған бес өзекті мәселесі халықтың игілігіне жасалып отырған тағы да бір ізгі қадам екендігін, бұл жүрек қуантарлық ақпарат — ел болашағын ойлаған Мемлекет басшысының қазақ елін Мәңгілік ел етуді және бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосуды меңзеп отырған межесі екендігін тілге тиек етті. Келешекте жүзеге асатын әлеуметтік бағыттардың ішкі тұрақтылық пен қолжетімді қажеттіліктерге бастар жолы айқын екендігін Мейрамгүл Ермағанбетова сенімділікпен жеткізсе, Найля Бейсенбайқызы мен халық қалаулысы Светлана Алмабековалар Елбасының сындарлы саясатын қолдайтындықтарын айтты. Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінің» өкілі Мақсат Тұрғанбек жерлестеріне заң аясында кеңес беріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында баспаналы болудың жолын көрсетті. Мемлекет басшысының «7-20-25» бағдарламасын егжей-тегжейлі түсіндірді. Жиылған көпшілік әсіресе тұрғын үйге қатысты сұрақтарын жаудырып, банк өкілінен мол мағлұмат алды. Бес бастамадағы халықтың көкейінде жүрген басқа да мәселелер тұрғысында да көпшілікпен ой бөлісті. Қашан да халқының жан дүниесіне терең бойлап, елінің жүрегіндегі арманын тамырын тапқандай дөп басатын Елбасының бастамаларын мүлтіксіз жүзеге асыру, тиянақты орындау баршамыздың парызымыз. Сондықтан да бар күш-жігерімізді жұмылдырып, Елбасы жүктеген ел күткен мүддеден шыға білуге тырысуымыз керек. Бұл күнгідей кездесулер ауданымыздың жер-жерінде әлі де жалғасын табатын болады.
Перизат НҰРҚАЕВА
Талғар-ақпарат