Астанада Жетісудан шыққан 10 тұлға жайлы бейнефильм түсірілді. Фильм Астананың 20 жылдығына орай, Алматы облысының ішкі саясат басқармасы, Өңірлік коммуникациялар қызметі мен «Жетісу» телеарнасының қолдауымен түсті. Онда 1997-1998 жылдар аралығында Жетісу өлкесінен Елордамыз Астанаға көшіп келген тұлғалардың өмірі баяндалады. Ол тізімде халық қалаулылары, саясаткерлер, өнер адамдары және тағы басқа азамттар мен азаматшалар бар, — деп хабарлайды ТалғарАқпарат Өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы жоба бойынша 10 тұлға таңдалып алынып, ол адамдарға 6-7 минуттық бейнефильм əзірленді. Әр адам өзінің алғаш Астанаға келгендегі әсерлері, кешегі және бүгінгі Астананың келбеті, өсуі мен өркендеуі, мерекеге орай құттықтаулары енгізілді.
«Шағын ғана бейнефильмнің ерекшелігі, әр кейіпкер жер жәннаты — Жетісудан шыққан. Осы жерден қанаттанып, білім алған. Фильмге Елордаға қоныс аударып, жас Астананың дамуына өз үлестерін қосып отырған, әр салада қызмет атқаратын азаматтар таңдалып алынды. Фильм барысында 20 жыл бұрынғы Астана мен қазіргі Астананы салыстырмалы түрде көрсеттік»,-деді жоба авторы Рүстем Қанапиянов.
Айта кету керек, жақын арада бейнеролик облыстық «Жетісу» телеарнасынан, сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен «YouTube» каналында жарыққа шығады. Сонымен қатар, әр тұлғаның Астана жайлы айтылған ойлары мен пікрілері афишалар мен қала көшелеріндегі билбордтарға ілінетін болады.
Сөз соңында Р.Қанапиянов бейнефильмді тамашалауға шақыра отырып, жоба барысында туындаған мәселелер жайлы да айтып өтті.
-Аталмыш туындыны түсіру барысы оңайға түспеді. Себебі, біз жобаға түсірген адамдар іскер, жұмыс басты болып келгендіктен, олардың бос уақытын жоспарладық. Қазіргі таңда бейнефильмді субтитрмен шығарсақ деп жоспарлаудамыз, — деп қорытындылады ол.
Талғар-ақпарат