«Барыс» спорт клубы ашылды

«Барыс» спорт клубы ашылды

Жуырда Талғар қаласындағы Т.Рысқұлов көшесінің бойындағы «Атамекен» мейрамханасында «Барыс» спорт клубы аудан тұрғындарына есігін айқара ашты. Бұл спорт клубын ашқан ағайынды Медет жəне Дəулет Өсербай есімді спортшы жігіттер. Райымбек ауданындағы Көкбел ауылында туып өскен Медет пен Дəулет мектеп қабырғасында бапкер Бағлан Назаровтың қол астында жаттығып, Алматы қаласындағы «Əлем файтерс» спорт клубында ережесіз жекпе-жектен əлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ пен Бейбіт Назаровтың клубында күрес өнеріне машықтанған. Медет еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер болса, інісі Дəулет ережесіз жекпе-жектен жастар арасындағы əлем чемпионы, 2015 жылы Ресейдің Калининград қаласында өткен əлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, сол жылы Түркия мемлекетінің Стамбул қаласында өткен əлемдік додада бес бірдей қарсыласын сұлатып салған Дəулет əлем чемпионы атанған болатын. Дəулет джиуджитсу күресінен де спорт шебері. Ол 2016 жылы Қытай Халық Республикасында
өткен əлемдік «Kunlun fi ght» додасының жеңімпазы. Ол 2015 жылы Францияда өткен «Намыс – Дода» ойынында қазақтың марқасқа жігіттері, кəсіпқой боксшылар Жанқош Тұраров пен Бейбіт Назаров сынды сайыпқыран жігіттер мен бірге өнер көрсетіп, бас бəйгені Қазақстанға алып келген болатын.

«Барыс» спорт клубының ашылу салтанатында сөз алған кəсіпкер Серік Ахметқалиев пен зілтемір көтеруден əлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев ізгі тілектерін білдіріп лентаны қиса, Көкбел ауылындағы жерлестері атынан сөз алған ел азаматы Əбілахат Рысмендиев екі інісіне «Алтын сақа» кəдесиын ұсынып, батасын берді. «Барыс» спорт клубында 10 жаттықтырушы еңбек ететін болады. Осы клубқа келген талапкерлер спорттың грекрим, еркін күрес, қазақ күресі, таэквандо, джиу-джитсу, кикбоксинг, грепллинг сияқты түрлерімен жаттыға алады. Салауатты өмір салтын насихаттайтын «Барыс» спорт клубының болашағы жарқын болсын деген тілек айтамыз.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ

Талғар-ақпарат