Ауыл балалары спорт саңлақтарымен жүздесті

Ауыл балалары спорт саңлақтарымен жүздесті

Жастар арасында спортты кеңінен насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Дəулет ауылындағы №11 орта мектебінде грек-рим күресінің шеберлерімен кездесу өткізілді. Кездесу кешіне Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген спорт шебері», «Құрмет» орденінің иегері, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұрбақыт Теңізбаев, грекрим күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шебері», грек-рим күресінің бірнеше дүркін жеңімпазы Ербол Қоңыратов, республикалық ғылыми-əдістемелік, спорттық-патриоттық «Спорт жұлдызы» журналының шефредакторы Жандос Бусурманов келді.

Сонымен қатар, Қайнар ауылдық округі əкімі Жандос Ясинов, ауылымыздың ардагер ұстазы, ақсақалы, Қайнар ауылдық «Нұр Отан» бастауыш партиясының төрағасы Сапарғазы Сұлтанғазин, ауылымыздың сақшысы, полиция қызметкері Айдос Байгөзов сынды азаматтарымыз қонақ болды.

Өткен жыл соңында ҚР грек-рим шеберлері Юрий Мельниченко, Алмат Кебіспаев, Демеу Жадыраев сынды азаматтарымыз білім ошағына келіп, оқушыларға өз ақылкеңестерін беріп, əсерлі кездесу өткізіп қайтқан-ды. Екінші мəрте ұйымдастырылған кешіміздің басты мақсаты халықаралық дəрежедегі Қазақстанның спорт жұлдыздарын дəріптеу арқылы оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, жас ұрпақты атақты спортшылардың өмірімен таныстыру. Кешті Қайнар ауылдық округ əкімі Жандос Ясинұлы құттықтау сөз сөйлеп ашып, келген қонақтарға жақсы тілегін білдірді. Мектебіміздің əншісі Жанатбек Бекжан «Ассалаумағалейкум» əнімен қонақтарды қарсы алып, жақсы көңілкүй сыйлады. Ауылымыздың бетке ұстар əжелері қазағымыздың дəстүрі бойынша шашу шашып, ақ батасын беріп күтіп алды. Сонымен қатар мектеп жанынан ашылған «Жұлдыздарым» би тобының жетекшісі Ақмарал Қалдыбайқызы оқушыларымыздың өнерін келген қонақтарға паш етті.

«Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшілері Валентина Дугарева мен Жанар Қанатқызы оқушылардың қолдан жасаған бұйымдарын көрмеге қойып, қонақтарымызға оқушылардың жұмыстарын таныстырып өтті. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жастардың үлгі алуына, заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «100 жаңа есім» жобасы ұсынылған еді. «Жаңа есім» жобасы еліміздің батыры мен ақынын көрсеткісі келетін қалың жұртшылық тарапынан кең қолдау тауып, республикалық маңыздағы үздік тұлғалармен қатар, əрбір облыстың, əрбір ауданның, тіпті əрбір мектептің, ұжымның үздік жүз тұлғасын тізімдеп шығу бастамасы жиі көтерілуде, осы дəстүр біздің мектепте бастау алды. 4 «А» сыныбына Нұрбақыт Теңізбаевтың есімі беріліп, осы сыныптың салтанатты ашылуы Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген спорт шебері» Н.Теңізбаевқа бұйырды. 4 «А» сынып жетекшісі Советхан Абляжанқызы Н.Теңізбаевтың құрметіне ашық тəрбие сағатын өткізді. Тəрбие сағатында, слайд арқылы споршылардың өмірі мен жетістіктері айтылып, өсіп келе жатқан жас жеткіншектерге спортшы ағалары туралы мəлімет берілді. Тəрбие сағатының соңында мектеп жанына Нұрбақыт Молдахметұлы мен Ербол Азатбекұлы оқушылармен бірге жеміс ағаштарын отырғызды.

Кешіміздің жалғасы концерттік бағдарламамен ұласты. Кеш соңында «Спорт жұлдыздары» журналының шеф-редакторы Жандос Аянбекұлы сөз сөйлеп оқушыларға өз алғысы мен тілегін айтып құттықтап, мектеп басшысы Айдар Боранбекұлына «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі» үшін төс белгісі мен куəлін табыс етті. Сонымен қатар мектебіміздің алдыңғы қатарлы дене шынықтыру пəнінің мұғалімдері Қалибек Жиентаев пен Серік Дүкаділді Алматы облыстық «Дене шынықтыру жəне спорт» басқармасының «Алғыс хатымен» марапаттады. Мектеп директоры А.Қоңыратов келген қонақтарға, уақыт тауып келгендеріне өз ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Жиын соңында оқушыларымыз атақты спортшылармен естелікке суретке түсіп, спортшылардың қолтаңбаларын алды.

Нұрбақыт Теңізбаевтың құрметіне орай жас жеткіншектерді салауатты өмір салтын насихаттауға, спортты құрметтеу мақсатында, дене шынықтыру пəнінің мұғалімі А.Ауелбеков жоғары сыныптар арасында мектепішілік волейбол ойынынан «Ауыспалы кубок» ұйымдастырып, қызу тартысты ойын өткізді. Жарыс өз мəресіне жетіп, 11-сынып оқушылары «Ауыспалы кубокты» жеңіп алды.

Гүлнұр Қуанышқызы

№11 мектептің тəрбие ісінің меңгерушісі