Талапты ерге нұр жауар

Талапты ерге нұр жауар

«Еңбек – баланың адамгершілік белгілерін дамытумен бірге оны жалқаулық, бұзықтық, не болса соған ұрыну сияқты қылықтардан аулақ ұстайды» — деп қоғам қайраткері педагог-ғалым Төлеген Тəжібаев айтқандай, жас баланың өмір жолында жақсы ұстазға кез болып, жастық жігерін спортқа арнаған бала түбі биік белестерге қол созады. Талдыбұлақ ауылындағы №35 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Төлеухан Ерғалым да спортқа құштар баланың бірі. Сұңғақ бойлы, дене мүшелері дене жаттығулары арқасында жақсы жетілген ол бұрын бокспен айналысатын. Ұзын бойлы, сіңірі ұзын қолдары жекпе-жек үшін жаралғандай талапты баланы Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Қабденов өзінің тəрбиесіне алған-ды. Спортқа бейім бала кикбоксинг өнерін де тез меңгерді. Осы ақпан айының 22-25 күндері Қостанай қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 75 келі салмақта жүлдегер атанды. Ол он алты жасқа енді толды. Шебер спортшы енді жастар бəсекесінде өнер көрсететін болады. Оның бапкері Марат Қабденов жас кикбоксинг шеберін Өскемен қаласында осы жақын күндері жастар арасында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындауда. «Қанат – ұшса қатаяды» — демекші, жас спортшы Төлеухан Ерғалым есімді жас таланттың бағы мен бабы қатар шауып, биік шыңдардан көрінетініне ұстазы сенімді.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ

Талғар-ақпарат