ҚАС ТҰЛПАРДЫҢ БАЛАСЫ

ҚАС ТҰЛПАРДЫҢ БАЛАСЫ

«Хас сұңқардың баласы, шыңнан тоят іздейді, Қас тұлпардың баласы, шапқан сайын үдейді» — деп халық даналығында айтылғандай, тектіден текті туады, ата жолын қуады деген рас екен. Өткен ғасырдың елуінші жылдары «шайтан арбаны» серік етіп, велоспорт түрінен қазақ жігіттерінің арасында тұңғыш рет «КСРО спорт шебері» деген күміс жетонын кеудесіне жарқырата таққан, ғұмыр бойы Талғар ауданының спортына елеулі үлес қосқан Қалихан Ахметов ағаны көзін көргендер əлі ұмыта қойған жоқ. Білім саласында еңбек етіп, велоспорт пен шаңғы спортынан шебер спортшыларды тəрбиелеп, кеудесіне «Білім саласының үздігі» мен Талғар ауданынының «Құрметті азаматы» белгісін таққан Қалихан аға баласы Ғалымды 5-6 жасынан спортқа баулыды. Он екі жасынан велоспортқа ден қойған Ғалым Ахметов жасөспірім кезінде Қазақстан чемпионы атанса, 16-17 жасында жастар арасында «Азия чемпионы» атанып, өзінің қас тұлпардың баласы екенін дəлелдеумен келеді. Сол Ғалым Ахметов бұл күндері жиырма үш жаста. Тарамыстай таралған жас спортшы қазір «Астана сити Континенталь» спорт клубының белді мүшесі. Оның мақсаты көп тəжірибе жинақтап, сосын əлемдік додаларда топ жарып жүрген «Астана» кəсіпқой клубына ену. Бірақ, ол оңай шаруа емес. Оған «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» қана кіре алады. Ғалым Ахметов сол ушін аянбай тер
төгуде.

Француздың көрнекті жазушысы Эмиль Золя: «Өмірдегі ерен қуаныш – бұл үнемі алға ұмтылу» – депті. Осы наурыз айының 29-30 күндері Түркия елінің Стамбул қаласында əлемнің Колумбия, Италия, Болгария, Беларусия, Əзербайжан, Қазақстанның ең үздік командаларының басын қосқан: «Фатих сұлтан Мехмет» атты үлкен халықаралық дода болып өткен еді. Өңшең 20-24 жас аралығындағы бірінен бірі өтетін шебер спортшылары көп 8 мемлекеттің спортшылары сайысқан осы аламан бəйгенің алғашқы күні 133 шақырымға бақ сынаған 100-ден аса спортшылардың арасында «қара жебедей» атылып, басқаларға дес бермей, бірінші болып келген Ғалым Ахметов, екінші күні өткен 130 шақырым қашықтықта да қара үзіп келіп, «Фатих сұлтан Мехмет» халықаралық жарысының жеңімпазы атанды. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады»демекші, Ғалымның кішкентай жиен інісі Біралқы Ералы да ағасының жолын қуып жүр. Қазір №9 орта мектептің 7 сыныбында оқитын Біралқы жақында өткен облыстық жарыста велоспорт сайысында 2 орын алып, атасы мен ағасындай шебер спортшы болатынын дəлелдеді. Талғар мақтанышы – халықаралық дəрежедегі спорт шебері Ғалым Ахметовтің шығар белестері алыстан мен мұндалайды…

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ

Талғар-ақпарат