«Президенттің бес əлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі халықтың игілігі үшін бағытталып, əл-ауқатын арттыруға негізделіп отыр. Олардың қатарында баспана алудың жаңа мүмкіндіктері, жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз ету мəселелері бар. Осыдан 10 жыл бұрын «Қазақстан халқының əлауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Мемлекет басшысының Жолдауында барлық қоғамдық сатыдағы отандастарымыздың əлеуметтік жағдайын ұдайы жақсартып отыру – мемлекет саясатының басты мақсаты екені жазылған. Бүгінде біз саяси бағдарымыздың əлеуметтік бағыты өзгеріссіз қалғанын байқаймыз. «Президенттің бес əлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі əлеуметтік жауапты мемлекет құру бағытының сабақтастығын дəлелдеді.
Əрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері егжей-тегжейлі талқыланып, 7-20-25 бағдарламасы бойынша ұсынылып отыр. «Əрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты Президенттің бірінші бастамасын ең маңызды бастама ретінде қарастыруға болады. Елбасының өзі белгілегендей, баспана мəселесі – «айрықша əлеуметтік маңызы бар мəселе». Меніңше, оны ұлттық идея деңгейінде қарастыруымыз керек.
Президент үндеуінің ерекшелігі нақтылығында. Оның аясында деректер мен сандар келтіріліп, қаражаттың қайдан алынатыны айтылады. Демек, мəселелер қатары толықтырылып, əлеуметтік жаңғыру ісі жүргізілмек. Бұл – басы ғана. Елбасы бастамалары халықтың жүрегінен орын табатынына сенімдімін. Мұның бəрі біздің қоғамымызды нығайта түсері анық. Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысы жүзеге асады. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді қазақ атамыз. Ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі.
Маргарита Исабаева
Тұздыбастау Мəдениет үйінің директоры