– Хан кейіпкерін сомдау үшін қылыштасып үйренген екенсіз. Әміреге қалай дайындалдыңыз?
– Екі жарым айға жуық домбыра үйрендім. Сабақты жақын досым әрі бүгінгі таңдағы ең мықты домбырашы Нұржан Тәжікенов жүргізді. Күн сайын негізгі шаруаларын бітірген соң кеңсеге келіп, түнімен бірнеше сағат бойы домбыра үйретті. Күндіз сол кешегі өткенді өздігіммен қайталап, ұштайтынмын. Сонымен бірге, түстің кезінде вокал сабақтары болды. Өйткені ән айтқан кезде дауысты қалай көрсетіп, жеткізу керегін үйрендім. Үзіліс уақытында биограф Жарқын Шәкәріммен және режиссер Сатыбалды Нарымбетовпен Әміренің мінезі, болмысы туралы сөйлесетінбіз. Одан бөлек, сол уақыттағы оқиғаларды сөз етуші едік. Кітапханаға барып, Затаевич пен Әмірені зерттеген ғалымдардың жұмыстарымен танысатынмын.
– Голливудқа шақырылып, киноға ұсыныс алып жатқан жоқсыз ба?
– Ол жаққа қатыстының барлығы өте үлкен жұмысты талап етеді. Өйткені мыңдаған шақырым қашықтықтамыз. «Әміре» – Голливудпен бірлескен алғашқы фильмім. Мұның мақсатыма жетер жолдағы нық қадам екеніне сенімдімін. Голливудта танымал болу үшін оларға өзіңнің қайталанбас, бірегей талант екеніңді дәлелдеу керек. Бүгінде голливудтық режиссермен екінші халықара-лық жоба бойынша жұмыс бастап жатырмыз. Діттеген мақсатыңа асықпай, бірақ дұрыс жете білу қажет.
– Әмірені тым «гламур» етіп көрсеткен деген сын айтылып жатыр. Бұған не дейсіз?
– Бұл пікірмен келіспеймін. Бәлкім, талғампаз десек, дұрыс болар. Мұнда «гламур» ештеңе көріп тұрғам жоқ. Антон Чехов айтпақшы «Адам барлық жағынан жақсы болуы керек: түрі де, киімі де, жан дүниесі де, ойы да». Әміре ауылда тұрса да, көп ұзамай қалада театрда қызмет еткен.
– Кенесарының рөлі арқылы көпшілікке ұнаған едіңіз. Оған қалай шақырту алдыңыз?
– Қазақфильм студиясында кастинг өтті. Маған қоңырау шалып, хабарласып, іріктеуге келуімді сұрады. Шыны керек, қатты толқыдым. Өйткені менен бөлек, осы рөлге үміткерлердің ішінде небір мықты театр актерлері де болды. Сатыбалды Нарымбетовпен танысқан соң, мені киім ауыстыратын бөлмеге апарып, іріктеуге сай келеді-ау деген киім кигізді. Берілген мәтінді оқыған соң, Сатыбалды аға «Бізге керегі – осы жігіт. Мұнда Кенесарының рухы бар. Оны көзінен көріп тұрмын» деді. Осылайша, рөлге бекітілдім.
– Болашақта кино түсіруді жоспарлайсыз ба? Жанры қандай болуы мүмкін?
– Өзімді көптеген жанрларда байқап көргім келеді. Содан барып жаныма жақын түрін таңдап, жүрек қалауымды таба аламын. Қай жанр көбірек қолайыма келетінін түсінемін. Жұмыстарымды осы бағытта істеп жатырмын. Өзіме көмек-тесу үшін бірнеше адамды жаныма алып алдым. Бір уақытта бір-бірімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қос жанрда жұмыс жүргізу туралы ойым бар. Алдағы уақытта бірін таңдап, толығырақ айта-мын деп ойлаймын.
– Қандай рөлдерді жақсы көресіз? Аттила мен Шерлок Холмсты неге сомдағыңыз келеді?
– Жағымсыз кейіпкерлер ұнайды. Өйткені оларда өмір мен драма бар. Аттиланы сомдағым келетін себебі, сол кезеңдегі ірі баталиялар, шиеленістер қызықтырады. Дәл осы уақыттағы оқиғалар жайлы фильмдер өте аз. Шерлок Холмсқа қатысты айтар болсам, бұл – нағыз мидың жұмысы. Өзім түрлі басқатырғыштарды шешкенді жақсы көрем. Күрделі істердің шешімін іздегенді ұнатамын.
– Ең сәтті және ең сәтсіз деп қай кинодағы рөліңізді айта аласыз?
– Бұл – актер үшін ең қиын сауал. Ойланып отырсам, карьерама трамплин болған «Сказ о розовом зайце» фильміндегі рөлім ерекше ыстық сыңайлы.
– Актерлер шетелде танымал болуы үшін ағылшын тілін үйренуі тиіс сияқты. Өйткені іріктеу кезінде сіздің ағылшын тілін жақсы меңгергеніңіздің мол әсері болды деседі. Тіл меңгеруге қатысты не айтасыз?
– Барлығына бірдей жағатын универсал формула жоқ. Мысалы, балалардан үлгі алу керек. Өйткені олар аз уақыт ішінде тілді тез үйреніп алады. Олардың әдістері ойнақы, ойнап жүріп үйренеді. Сонымен бірге, ортаның да әсері жоқ емес. Достарыңның ішінде ағылшын тілінде сөйлейтіндер көп болса, тіл үйрену процесі де жеңілдеп, жеделдей түседі. Фильмдерді түпнұсқада көріп, кітаптар, газет-журналдарды көп оқу керек.
– Жақында юморлық ән айтуымыз мүмкін дегеніңізді естідік. Қашан естиміз?
– Қазір уақыт жағы келіспей жатыр. Графигім де өте тығыз. Бүгін Қазақстанда жүрсем, ертең Моңғолияға түсірілімге кеткелі жатырмын. Бірақ аталған идея үнемі ойымда жүреді. Алдағы уақытта
әзіл ән жазамын деп үміттенемін.
– Кино саласында жүргеніңізге он жыл толыпты. Осы жылдарға шағын шолу жасайықшы.
– Осы уақыт ішінде биікке самғаған да, төменге құлдыраған сәттерім де аз болмады. Он жыл ішінде қолға алған әр жобама жанымды салдым. Тағдырымда жолыққан әр адамға ризамын. Өйткені менің кәсіби бола түсуіме әрқайсының септігі тиді. Тіпті қол ұшын бермегендерінің де, қолқанат болғандарының да көмегі бар. Кино саласына келген сәтте еш танысым болмады. Бүгінде осы жерде тапқан әр досыммен мақтанамын. Маған танымалдылық аспаннан берілген жоқ. Тіпті арада он жыл өтсе де, өзімді дамыту жолында жұмыс істеп келемін.
Сұхбаттасқан Жадыра АҚҚАЙЫР