«Үйі жоқтың -күйі жоқ» деген ащы шындықты жан-тәнімен сезініп жүргендер көптеп саналады. Әсіресе, айлығы шайлығынан аспайтын қарапайым отбасылардың баспаналы болуы қиынның қиыны. Өйткені, адам баласының тіршілігі үшін аса қажетті әрі ең қымбат материалдық құндылық саналатын баспананың құны шарықтап-ақ тұр. Бүгінде жас отбасылар ғана емес орта жастағылардың басым бөлігі жанұя бюджетінің қомақты мөлшерін жалдамалы баспанаға төлеуге мәжбүр, онда да қаражаты жетсе. Баспанасыздықтың кесірінен «шағын мемлекет» саналатын отбасыларының шаңырағы шайқалып та жатыр. Банктердің ұсынатын ипотекалық несие мөлшері де жалақысы мардымсыз жандардың қолын байлап келеді.
Әйтсе де, тығырықтан шығудың жолын жуырда Елбасы өзінің «Бес әлеуметтік бастамасында» айқындап берді. Халық үмітін үкілеген үндеуде қамтылған бастаманың бесеуі де елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, деңгейін көтеруге бағытталған. Үндеуде жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қарастырылды. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 пайыз емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болады. Сондай-ақ, бұған дейін банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30, тіпті 50 пайызын құюды талап етсе, жаңа бағдарлама бойынша алғашқы жарна 20 пайыздан аспайтыны айтылды. Несие алушының ай сайынғы төлемін барынша азайту үшін оның мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды. Елбасы ұсынған «7 – 20 – 25» бағдарламасы осы мүмкіндіктерді қамтып, қарапайым халықтың баспаналы болуына кең жол ашып отыр.
Олай болса, аса маңызды «Бес әлеуметтік бастама» аясында Талғар ауданында «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша қанша тұрғын үй бой көтермек? Осы сауалға жауап іздеп «Талғар ауданы құрылыс бөлімі» ММ-нің басшысы Асқар ШАМАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
— Елбасы алға қойған бағамды бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына да тың серпін берері анық. Бүгінде «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша Талғар қаласындағы жаңа мөлтек ауданында 60 пәтерлі несиеге берілетін тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Көпқабатты тұрғын үй құрылысы бойынша біздің мекеме «СКБ-Констракшнс» ЖШС -мен 2017 жылдың қыркүйек айында келісім шартқа отырған болатын. Жобаның жалпы соммасы – 486,4 млн.тенге. 2017 жылы аталған жоба бойынша 150,0 млн.тенге қаражат игерілді. Жобаның аяқталу мерзімі 2018 жылдың қыркүйек айының соңына жоспарлануда. Сонымен қатар, алдағы уақытта тағы да Талғар қаласында 60 пәтерлі несиелік тұрғын үй бой көтермек. Бас жобалаушы «Арлан Жоба» ЖШС-гі болып табылады. Келісім шарттың жалпы соммасы – 10 449,5 мың.теңгені құрады. Тұрғын үйдің жалпы көлеме – 3 699,1 шаршы метр. Қазіргі таңда, жобалау жұмыстары толығымен аяқталып, сараптама қорытындысын алуға жұмыстар жүргізілуде.
-«Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-сінің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша тұрғын үйге мұқтаж 2636 азамат кезекте тұр. Олардың басым бөлігі халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы ( 1124 адам) және мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері (1043 адам). Ал тиімді бағдарлама аясында қолданысқа беріледі деп жоспарланып отырған екі үй тұрғын үй қажеттілігін толықтай қамти алмасы анық. Басқа қандай мүмкіндіктер қарастырылуда?
-«Талғар ауданы құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бұдан басқа да 5 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарда бар. Тұрғын үйлердің жобалық сметалық құжаттарының жылпы соммасы 59 527,8 мың тенгеге даярлануда. Халық білуі үшін олардың әрқайсысы туралы толықтай мәлімет беріп өтейін:
- «Алматы облысы, Талғар ауданы, Талғар қаласындағы 50 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысы (қайта есептеу)» жобасы. Бас жобалаушы «AS Инжиниринг» ЖШС-гі. Келісім шарттың жалпы соммасы – 6 559,8 мың теңге. Тұрғын үйдің жалпы көлеме – 3119,7 шаршы метрді құрайды,жобаланып жатқан жердің көлемі 1,3 га. Қазіргі таңда, жоба толығымен даярланып, сараптама қорытындысын алуға жұмыстар жүргізілуде; 2. Талғар қаласындағы 60 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылыс жобасын «Арлан Жоба» ЖШС-гі дайындады. Келісім шарттың жалпы соммасы – 11 494,5 мың.теңге. Тұрғын үйдің жалпы көлеме – 3 699,1 шаршы метрді құрайды әрі жобаланып жатқан жер көлемі – 1,3 га. Қазіргі таңда, жобалау жұмыстары толығымен аяқталып, сараптама қорытындысын алуға жұмыстар жүргізілуде; 3. Талғар қаласындағы 60 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысы жобасының бас жобалаушы «Геодезия сервис» ЖШС-гі. Келісім шарттың жалпы соммасы – 11 088,0 мың.теңге. Тұрғын үйдің жалпы көлеме – 3040,6 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда, жобалау жұмыстары толығымен аяқталып, сараптама қорытындысын алуға жұмыстар жүргізілуде; 4. Талғар қаласындағы 5 қабатты 50 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылыс жобалаушы «AS Инжиниринг» ЖШС-гі. Келісім шарттың жалпы соммасы – 9 520,0 мың.теңге. Тұрғын үйдің жалпы көлеме – 4045,5 шаршы метрді құрайды әрі жобаланып жатқан жердің көлемі 0,83 га. Аталған тұрғын үйдің сараптама қорытындысын алу ағымдағы жылдың мамыр айының соңына жоспарланып отыр; 5. Талғар қаласындағы 5 қабатты 60 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысының бас жобалаушы «AS Инжиниринг» ЖШС-гі. Келісім шарттың жалпы соммасы – 10 416,0 мың.теңге. Тұрғын үйдің жалпы көлеме – 4545,5 шаршы метрді құрайды.
Сонымен қатар, жоғарыдағы аталған тұрғын үйлерді аббатандыру және инженерлік – коммуникациялық жүйелерін жүргізу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттары 144 320,7 мың.тенгеге даярлануда.
Өзіміз көріп отырғандай жалға берілетін бес көпқабатты үйлерде ұзын саны 280 пәтер болмақ. Олардың құрылысы 2019 жылы басталады деп жоспарлануда.
-Асқар Асқарұлы, өзіңіз айтып өткен үйлер түгелдей Талғар қаласында салынады екен. Ал аудан аумағында көпқабатты үйлер құрылысы жүзеге асырыла ма?
-Иә, Бесағаш ауылында 1512 пәтерді қамтитын «Алма Тау» көпқабатты тұрғын үй кешені бой түземек. Ауқымды құрылыс нысанының инженерлік-коммуникациялық жүйелерін жобалау жұмыстарына байланысты «Талғар ауданы құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Жоба дизайн» ЖШС-мен келісім шартқа отырып, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Келісім шарттың жалпы соммасы – 55 920,0 мың. теңге. Аталған жобаның мемлекеттік сараптамасы толығымен алынып, ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарына 50,0 млн.тенге қаражат бөлінді. Сонымен қатар,Панфилов ауылдық округінде 7115 пәтерлі «Көк Алатау» тұрғын үй кешені салынбақ. Оның аббаттандырылуы және инженерлік-коммуникациялық жүйелерін жүргізу жобасы бойынша «Талғар ауданы құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Град Центр» ЖШС-мен келісім шартқа отырып, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Келісім шарттың жалпы соммасы – 63 003,0 мың.теңге. Аталған жобаның мемлекеттік сараптамасын алу ағымдағы жылдың сәуір айына жоспарланып отыр. Ел игілігіне бағытталған ауқымды екі құрылыс нысаны «бес әлеуметтік бастама» аясында «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша беріледі деп күтілуде. «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, баспаналы болуды армандап жүрген мыңдаған отбасылары үшін бұл керемет мүмкіндік болады деп ойлаймын.
Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 2016 жылдан бастап, «Нұра ауылдық округіндегі жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту және жайластыру» жобасы іске асырылуда. Жобаның жалпы құны – 2 426,007 млн. тенге. Бас мәрдігер «Асатай» ЖШС-гі болып табылады. Аталған жоба бойынша Нұра ауылдық округіндегі жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту және жайластыруға 39,059 — шақырым су құбыры жүйесі, 12,9 — шақырым 0,4 кВ әуе электр жүйесі, 1,105 — шақырым 10 кВәуе электр жүйесі және 50,8 — шақырым жол құрылысын салу және 88,471 шақырым арық желілерінің ұзындығы жобаланған. Жобаның аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарлануда.
Мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін баспанаға қол жеткізгісі келген тұрғындар ең алдымен ХҚКО арқылы Талғар ауданының тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде кезек тіркеуінде тұруы шарт. Осыны естен шығармаған абзал.
-Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат