Депутаттар ауданымызға ат басын бұрды

Депутаттар ауданымызға ат басын бұрды

Депутат — халық қалаулысы. Қарапайым халық пен биліктің арасын жалғастыратын көпір іспеттес. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі билікке депутаттар арқылы жетеді. Депутат халықпен бірге болған кезде ғана олардың қандай мұқтаждықтары бар екенін және ел ішіндегі басқа да шешімі қиын мәселелерді біле алады. Парламентте талқыға салынып, қабылданатын небір заңдардың өміршеңдігі халық қалаулыларының қарапайым халықтың тыныс-тіршілігіне қаншалықты қанықтығына тікелей байланысты.

Міне, сол мақсатта ауданымызға ат басын бұрған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Сидней олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина да жұртшылыққа Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» насихаттап, ауданымыздың тыныс-тіршілігімен танысты.  Қаламыздағы әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысанды аралап көріп, талғарлықтармен кездесті. Халық қалаулысын аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы, аудандық кәсіпкерлік бөлімнің бастығы Еркін Алдатаев, аудандық спорт бөлімінің бастығы Аманжол Нұрмановтар қарсы алып, нысандарды аралауға бастап жүрді. Бірінші кезекте Талғар қаласындағы «Clotwell» тігін фабрикасына бас сұқты. Жұмыс тобын фабриканың тыныс-тіршілігімен, онда іске қосылған жаңа технологияларды жете таныстырған фабриканың директоры Валерия Кулешова фабрика өндіріп жатқан тауар түрлерін алға тартып, оның өте сапалы әрі бағасының да тиімді екенін айтты. Әңгіме барысында ол мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, игілігіне жаратып жатқанын тілге тиек етіп, Елбасының әрбір мемлекеттік маңызы зор бастамаларында кәсіпкерлікті дамыту мәселесі назардан тыс қалмай, қолдау тауып келе жатқанын айтты. Жүзден аса тұрғынды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның тындырымды тірлігі көптің көңілінен шықты. Содан соң, жұмыс тобы қаламызда салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Құрылыс алаңында болып, құрылыс жобасымен танысқан Ольга Шишигина жүгіру жолақтарына байланысты өз ұсыныстарын айтты. Аудандық спорт бөлімінің бастығы Аманжол Нұрманов осы спорт кешінінің жанынан жарысқа келген балаларға арналған жатақхана салынса деген ұсынысын білдірді. Бұл ұсыныс халық қалаулысының да көңілінен шығып, мүмкіндігінше қолдау көрсететінін жеткізді. Ары қарай аудан басшылары Ольга Шишигинаны «Triumpher» бірегей көпфункционалды спорт кешеніне бастап жүрді. Заманауи үлгідегі спорт кешенін аралап көрген чемпион Талғар сынды шағын қалада осындай керемет кешіннің бар екеніне қайран қалып, спорт кешенінің ұжымына ризашылығын білдірді.

 

Дәл осындай Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» ел арасында насихаттау мақсатында келесі күні ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, қоғам қайраткері  Сәкен Өтебаев та келді. Ауданымызға арайы атбасын бұрған халық қалаулысы алдымен «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Белбұлақ ауылында бой көтерген №32 орта мектепте болды. Өткен жылы ел игілігіне берілген жаңа білім ордасының жаңа заманға сай жабдықталған материалдық-техникалық базасымен танысып, ризашылығын білдірді. Білім саласын дамытуға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп отырғанын, Елбасының биылғы бастамасында да білім саласы басты назарда болғанын тілге тиек етті. Келесі кезекте Талғар қаласындағы Талғар медициналық колледжінің студент жастарымен кездесті. Кездесу жиынына аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым жетекшілері де қатысып отырды. Жиынды аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова жүргізіп, алғашқы сөзді Сәкен Нұриұлына берді. «Бес әлеуметтік бастамаға» тоқталып, ондағы жастарға қатысты мәселелер төңірегінде әңгіме қозғаған депутат жастардың сұрақ-сауалдарына кезек берді. Жиын барысында жастар да, қоғамдық ұйым жетекшілері де, халық қалаулылары да өздерін толғандырып жүрген мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, студенттерге арнап жатақханалар салу, қосымша білім гранттарын бөлу, шет елден көшіп келіп жатқан қандастарымыздың құжатарын заңдастыру, халықты ауыз сумен қамтып отырған мекемелерді жекеменшікке өткізбеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жолдарды жөндеуге бөлінетін қаражаттарды тиімді пайдалану, жас отбасыларына арналған тұрғын үй салу мәселелері көтерілді. Халық қалаулысы барлық мәселелерді түртіп алып, оңтайлы шешуге ықпалдасатынын жеткізді. Түс ауа Сәкен Өтебаев Нұра ауылындағы «Амиран» сүт-тауарлы фермасына жол тартып, онда ферма еңбеккерлерімен кездесіп қайтты.

Перизат НҰРҚАЕВА

Талғар-ақпарат