Сенатор: Елбасының 5 бастамасы экономикаға тың серпін бермек

Сенатор:  Елбасының 5 бастамасы экономикаға тың серпін бермек

ҚР Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов жұмыс сапарымен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында болды, деп хабарлайды ТалғарАқпарат ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

Сенат депутаты оқу орнының ұжымымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.

Жұмыс сапары барысында Бақытжан Жұмағұлов оқу орнының ұжымына мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру тетіктері туралы түсіндірді.

«Бірінші кезекте мені оқу процесі, тәрбие жұмыстары қалай ұйымдастырылғаны алаңдатады. Мен өз сапарым барысында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын түсіндіруді алдыма мақсат етіп қойдым», — деді Сенат депутаты.

Оның айтуынша, бүгінде ең өзекті әрі ең көп талқыланып жатқан мәселе — Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы үндеуінің қалай жүзеге асатындығы болып отыр.

«Бұл шын мәнінде үлкен әлеуметтік жоба. Біз өз тарапымыздан бұл тетіктерді түсіндіру, халықтың ойын, пікірін, өзекті мәселелерін жинауға тиіспіз. Бүгін біздің экономикамыз бұл әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта елімізде жатақхана мәселесі өзекті. Тіпті Алматы, Астана студенттеріне  жатақхана жетіспейді.  Бұл бағдарламаның бас операторы ҚР БҒМ жанындағы Қаржы орталығы болып отыр. Бұл жобаның арқасында ел экономикасына, құрылыс саласына да тың серпін берілетіні анық. Бұл экономикаға мультипликативтік эффект бермек», — деді Сенатор.

Бақытжан Жұмағұлов  өз кезегінде оқу орнының материалдық-техникалық базасын аралап, оқыту процесін бақылады.

Сонымен қатар, заң шығарушы орган өкілі оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамымен кездесіп, олардың өзекті ұсыныстарын тыңдады.

«Мамандар даярлау Елбасы көтерген бастамадан көрініс табатын аса маңызды мәселе. Биыл қосымша осы мақсатта 20 000 грант бөлінеді. Соның ішінде 11 000 грант техникалық мамандық бойынша таратылады», — деді Б.Жұмағұлов.

Талғар-ақпарат