31 наурызда Қытайдағы қазақстандық студентер қауымдастығының белсенділері (KSAC) ҚХР-дың Шэньси провинциясындағы Сиань қаласында Наурыз мейрамына орай концерт қойды, деп хабарлайды Қытайдағы ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Студенттер «Шашу» биін билеп, флэшмоб ұйымдастырды, Жансерік Тұрсынбек пен Айзат Қанатова «Тау-тау сезім» әнін, Бақтияр Тоқтасынұлы «Сенен басқа» әнін орындады.
Кештің ең қызықты тұсы ресейлік студент Владимир Кимнің орысша, ағылшынша гитарамен ән салғаны болды. Ол қазақстандықтарды Ерке Есмаханның «Қайда» әнін шырқап таңқалдырды.
Жастар дастархан жайып, жиналғандарға Наурыз көже мен бауырсақтан дәм татқызды.
Концертке Сиань көлік университеті Жібек жолының экономикалық белдеуі инновациялық орталығының жанындағы Орталық Азиядағы құқықты зерттеу орталығының директоры София Ушурова арнайы шақырылды.
«Біз Наурызды қарсы алу үшін арнайы бас қостық. Бір-бірімізге жақсы тілектер айттық. Наурыз — халқымыздың тамыры тереңге кететін жаңа жыл мерекесі, ол бірлік пен ынтымақ мерекесі», — деді Сиань көлік университетінің 2 курс магистранты Райсиам Мұрдинова.
Талғар-ақпарат